Коллекторларға талап қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллекторларға талап қатаңдатылды

29.04.2021

Сенат коллекторларды тезге салатын заңды қабылдады. Олар борышкерлермен дөрекі сөйлесіп, қоқан-лоқы жасайтын болса қызметі тоқтатылады. Яғни тиісті агенттіктің есептік тізімінен шығарылады. Сондай-ақ коллекторлық ұйымдардың қарыз қайтару кезінде сақтауы керек қатаң талаптар да бекітілді. 

Алматылық жігіт бұрын коллектор болып істеген. Сұхбатты жүзін жасырып беруге ғана келісті. Өйткені борышкерлерден қысылады. Қарызды қайтару үшін талай айла-амалға барған. Кейде қысым да көрсететін. Соның бәрінен шаршаған ол сақтандыру компаниясына ауысқан.

 Қала тұрғыны:
Коллекторлар кейде қысып кетеді. Кейде қатты сөйлеп кетеді.  Өйткені олардың жоспары бар. Ақшаны қайтару керек.

Бұл - бер жағы ғана. Керек десеңіз коллектор – полицей, прокурор, тіпті сот та бола салады. Үздіксіз қоңырау, бітпейтін SMS  хабарлама. Жұрт осындай шабуылдарға қарсы жиі шағымданады. Әйтсе де соңына дейін бармайды. Қателігі сол дейді заңгер.

Ержан Болатбек, заң кеңесшісі:
Ол коллекторға қарсы арыз жазайық, оларды рұқсатынан айырайық. Жеке коллекторда жұмыс істеген адамды сотқа тартайық дедім. Бірақ ешкім істемейді.

Биыл 1-тоқсанда коллекторлық агенттіктерге 3 млн 200 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Алайда айылын жиған емес. Енді тек заң тезге салуы мүмкін. Сенат олардың қызметіне қатысты заң жобасын мақұлдады. Яғни коллекторлар берешегі бар адамдарға жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 21:00 аралығында ғана хабарласа алады.

Бөтен телефон нөмірінен қоңырау шалуға тыйым салынды. Борышкерлермен байланыс бейне-аудиоға жазылуы керек. Үшінші тұлғамен жасырынып қызмет етуі де шектеледі. Сондай-ақ компания қызметкерлері енді тәжірибесін дәлелдеуі міндет.

Мәди Сарбупин, «ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы:
Өзінің қызметкерлерінің біліктілігін және олардың жалған ақпарат таратпауға міндетті болады. Жыл сайын біліктілігін арттыру қажет болады. Өзінің қызметкерлерінің біліктілігін және олардың жалған ақпарат таратпауға міндетті болады. Жыл сайын біліктілігін арттыру қажет болады.

Елде 213 коллекторлық ұйым бар. Енді бәрімен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі меморандумға отырмақ.

Нұрбол Жапаров, Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы:
Барлық коллекторлық агенттік пен олардың қызметкерлері сақтауға тиіс кәсіптік этиканың үлгілік кодексін бекітті. Коллекторлық агенттіктердің заңға сәйкестігін уәкілетті орган – қаржы нарығын реттеу агенттігі бақылайды.

Саны бар, сапасы жоқ коллекторлық ұйымдар азаяды. Өйткені жарғылық капиталы өседі. 100 мыңнан 10 млн теңгеге дейін. Ұлттық коллекторлар палатасы осыны ұсынып отыр. Ал оған жеткізе алмағандардың жабылуына тура келеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу