COVID-19 коронавирусы мен коронавирустық пневмония бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бүгін таратқан мәліметті баяндау селт еткізбейтін статистикалық мәліметке айналып кеткен сияқты. Тек 24 адам қайтыс болған. 799 адамның жағдайы ауыр, 177 адамның жағдайы өте ауыр. 116 адам өкпені желдететін аппаратқа қосылған. Вакциналауға келсек, 1 346 900 адам екпе салдырған.
Коронавирусты емдеу, қолданатын дәрілер туралы әңгіме бөлек бір тарау. Бірінші рет ұшырасқан вирус болғасын емдеу хаттамасы сан рет өзгерді.
Қытайдан әкелінген «таңғажайып» деп сипатталатын биологиялық қоспалардың шынымен ғажап екенін дәлелдеген ғылыми зерттеу жоқ. Профессионалдар былай дейді: Бұл вирусқа қарсы нақты ем жоқ. Сондықтан түрлі конспирологиялық теориялар ойлап табатындардың қиялы шарықтау шегіне жетті. Сонымен бірге адамзат тарихынан білеміз – соғыс, әлемді шарпыған басқа да кесапаттар кезінде барынша пайда көруге тырысатындар болған. Ондай типтер әрқашан болады - қазір де бар. Олар тарататын түсініксіз препаратты ішудің алдында әбден ойланыңыз.
Мәселе мынада: Медициналық мекемеде немесе үйде болсын, бекітілген хаттамамен емделген адамдардың ауруды жеңіп шыққандардың түрлі асқынуларға шалдыққаны айтылады. Мысалы, жас адамдардың өзінде қан қоюланып кететін жағдайлар бар. Кейбір адамдарда аллергиялық реакциялар күшейген, кейбірінде тіс бүлініп, көру қабілеті нашарлаған. Демек тіркелген дәрі-дәрмекпен емделгеннің өзінде кейін қалай әсер ететінін ешкім білмейді. Ал түрлі қоспалардың уақыт өте қандай реакция беретіні тіпті белгісіз. Бұл сондай - «соққыны» үсті-үстіне жасайтын вирус болып тұр.
Үндістандағы ахуалды айтып, қорқыту ойымызда жоқ. Қорытындыны әркім өзі жасайды. Бірақ тұтас мемлекеттің, қоғамның әрі қарай қозғылысы әрбіреуміздің қадамымызға байланысты. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Тұрсын Жағыпарованың былтыр жазда жөтелі қозады. Бұрыннан ауыратын созылмалы бронхиті екен деп үйінде бар дәрімен өздігінше емделе береді. Артынша ыстығы көтеріледі, басы ауырады, сай-сүйегі сырқырай бастайды. Компьютерлік томографиядан өтпейінше коронавирус жұқтырғанын білмеген. Сырқат әбден меңдегенде ауруханаға түседі.
Тұрсын Жағыпарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Түскен күні тамырыма ине салғанын білем, ішетін дәрі болған жоқ, тек қана укол. Екінші күн ештеңе істеген жоқ, жай жамбасыма укол салды. Үшінші күні тағы да бірдеңе істеді, әйтеуір үшінші күн менің есімде жоқ. Бірақ ем жасап жатты. Есімде, алтыншы күні ме, температурам түсе бастады.
Осылайша 20 күнде зорға жазылып шығады. Бірақ ковидтің белгілері сонда да қыр соңынан қалмапты. Әлсін-әлсін қызуы көтеріліп, қайта түседі. Ара-тұра күркілдеп жөтеледі. Құлағы шыңылдайтынды шығарған. Әлсіздік пен тершеңдік те әлі бар.
Жұлдыз Данбаева, Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді ауруханасының директоры:
Өте залалды вирус. Қай жері адамның ауырады, сол жерге барып тиеді. Қан тамырлары ауырғандар, давлениесі барлар, инсульт болып, инфаркт болып кетуі мүмкін. Реабилитация жасап, 1-2 ай емделу керек.
Елордалық Тұрсын Жағыпарованың емделіп жүргеніне бір жылға жуықтады. Бір қобдиша дәрі ішеді. Себебі ковидтен кейін ауырмаған жері жоқ.
Тұрсын Жағыпарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Ең бірінші ұйқы безеді. Қол дірілдей бастады, шаш түсе бастады. Бір жарым ай түсті. Мен қорықтым тақырбас болып қалам ба деп. Сосын екі бүйрегімнен ұстады. Одан бауыр ауырды. Ісіп кетті мына жағым, өзім сезем. Одан кейін жүрек. Бұрын менің жүрегім ауырмайтын мүлде.
Коронавирус бүкіл ағзасына кесірін тигізіп үлгерген. Бұлай болмауы үшін дер кезінде дәрігерге жолығу керек дейді мамандар.
Абзал Малбасқанов, Алматы қаласы фтизиопульмонология орталығы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:
Ауырғаннан кейін тығылып жатамыз. Өз-өзімізге қатты сенеміз. Бізде екі-ақ ауру бар ғой, не көз тиді, не суық тиді деген. Сонымен, қойдың майын да жеп жатамыз, бұрышты да жеп жатамыз, зімбірді де жеп жатамыз. Сөйтіп жатқанда уақыт кетеді. Ауру ағзада тоқтамайды. Біз ұйықтаймыз, тамақ ішеміз, демаламыз, ал ауру 24 сағат бойы қозып, өзі сіздің ағзаңыздың титығына жетпейінше дамыл таппайды. Сол себептен бізге ең бастысы – уақыт ұту.
Абзал Малбасқанов клиникалық хаттамада жоқ күмәнді дәрі-дәрмектерді ішу де ковидтен кейінгі синдромға әкелуі ықтимал екенін айтады.
Абзал Малбасқанов, Алматы қаласы фтизиопульмонология орталығы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:
Беталды дәрі ішетін болсақ, көзді жұмып алып қылыштасқан сияқты да. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп. Біреуге соғыс, біреуге ақша табудың көзі болып кетті ғой. Бұл Линьхуа деген дәріні былтырдан бері ішіп жатыр. Көп жағдайда ауыр жағдайда түсіп жатқан адамдар, жансақтау бөлімінде немесе бөлімшеде жатқандар, осы Қытайдың дәрісін алып қабылдаған. Егер де бұл дәрі көмектесетін болса, не себептен осы жерге адамдар түседі деген ой туындайды.
Қазір елде науқастарды нөмірі 130-шы клиникалық хаттама бойынша емдейді. Ол өткен айдың басында ғана бекітілген. Хаттамада коронавирус кесірінен асқынуы мүмкін созылмалы және басқа да аурулар ескерілген.
Жұлдыз Данбаева, Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді ауруханасының директоры:
Әр адамға әртүрлі емі бар. Әрбір науқасқа жеке назар аударылады. Өкпелері қабынса 10-20-30 процент сонда стационарға әкеледі. Оны емдейміз, хаттамада жазылған. Сосын жансақтау бөліміне түсетіндердің хаттамасы бөлек. Олардың емі де бөлек. Түгелі жазылып тұр онда. Ыстығы көтерілгенде қандай, қан құрамы өзгергенде қандай дәрі – бәрі жазылып тұрады, хаттамада.
Абзал Малбасқанов, Алматы қаласы фтизиопульмонология орталығы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі:
Коронавирусты емдеп жіберетін дәрі дүниежүзінде жоқ. Сол себептен қазір «аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолы ізде» деп, барлық мемлекеттер әлемдегі вакцина сал деп жатқаны сол.
Қазақстанда екпе алғандардың саны 1 млн 350 мыңға жуықтады. Бұл – жалпы халықтың 7 пайызы. Ал екпенің екі компонентін де салдырғандардың саны 300 мыңға да жетпейді. Апта басында халыққа коронавирусқа қарсы отандық вакцина егіле бастаған. Әзірге аймақтарға оның 50 мың дозасы ғана таратылды.
Шолпан Дайрабаева, Нұр-Сұлтан қаласы №8 емханасының дәрігері:
«Спутник V» сияқты бұл да екі дозадан тұрады. Екіншісін 21 күннен кейін салдыру керек. Тиімділігі өте жоғары. Тұрғындар өз таңдауына қарай екі вакцинаның бірін таңдайды.
Екінші жыл, коронавирус әл берер емес. Және мутацияланған сайын күшейіп барады. Үндістандық штаммның аса қауіпті екенін Дүниежүзілік денсаулық ұйымы айтып отыр. Өткен тәулікте Үндістанда тіпті, пандемия басталғалы әлемде болмаған рекорд орнады – вирус 402 мыңға жуық адамнан анықталған. Күн сайын шамамен 3,5 мың адам көз жұмады. Крематорийлер мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр...
Данияр Қайыртай, тілші:
Пандемия бізге өзгеруге берілген мүмкіндік деген сөздер айтылмайтын болды. Мүмкін «пара алды» деген күдікпен сол баяғыша судьяларға дейін ұсталып жатқасын шығар. Демек ұлы тұлғаның өсиеті - өсиет. Ал «Өзіңе сен!» қағидасынан айнымау үшін ересектердің басым көбі екпе алуы керек болып тұр.
Данияр Қайыртай, Нұрхан Нұрланұлы