Биыл «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 1055 стипендия беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 1055 стипендия беріледі

04.05.2021

Биыл «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 1055 стипендия беріледі. Оның 500-і Президент жолдауында қамтылған тапсырмаға сай ғалымдардың шетелде тағылымдамадан өтуіне арналған. «Инновациялар және жаңа технологиялар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Әлеуметтік ғылымдар», «Білім беру», «Медицина» және «Креативті индустрия» мамандықтарына басымдық берілген. Алғаш рет құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылды. Сондай-ақ, оқуға ұсынылатын шетелдік университеттердің саны 207 жоғары оқу орнына дейін артқан. Былтыр, олардың саны 138 болатын. Құжаттарды қабылдау бүгін басталды, ол 28 қазанға дейін жалғасады. Стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады.

Айнұр Кәрібозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:
Алғаш рет «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылды. Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріліп, ол барлық конкурстық іріктеу барысында пайдаланылады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу