Вакцина бедеулікке әкеледі деген қауесет жалған. Бүгін «Expert Hub Kazakhstan» жобасы аясында өткен дөңгелек үстелде дәрігерлер вакцина туралы бірқатар тың деректермен бөлісті. Мамандардың сөзінше, жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдер де, кемі 1 ай бұрын вакцина қабылдауына болады. Ал, босанған келіншектер бірден екпе салдыра берсе, оның ешқандай зияны жоқ. Өйткені, сүт арқылы балаға зиян келеді деген ақпарат қате. Онкологиялық, неврологиялық ауруы бар азаматтар да емдеуші дәрігердің рұқсатымен екпе алуы керек. Себебі, вирустың созылмалы ауруы бар науқастарға төндіретін қауіпі жоғары. Сондай-ақ, бұған дейін ауырып, антидене қалыптасқан болса да, екпе салдыру қажет дейді дәрігерлер.
Анар Қыстаубаева, акушер-гинеколог:
Жүкті әйелдерге екпе егу мәселесі бойынша көптеген зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бірақ кейбір мемлекеттер, оның ішінде Израиль жүктілік кезінде вакцина салдыруды бастап кетті. Ал біздің тәжірибемізде өзінің аяғы ауыр екенін білмей екпе қабылдаған келіншек бар. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында. Әзірге ешқандай теріс белгілер байқалған жоқ.
Ақниет Балтанова