Ұлттық кеңес мүшелері аймақтағы өзекті мәселелерді сараламақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық кеңес мүшелері аймақтағы өзекті мәселелерді сараламақ

06.05.2021

Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері өңірлерді аралап, аймақтағы өзекті мәселелерді сараламақ. Алғашқы сапар Маңғыстау облысынан басталды. Ұлттық кеңес өкілдері өңірдегі қоғам белсенділерімен кездесіп, көпшліктің пкіріне құлақ асты.

Маңғыстауда өңір басшысымен кездескен Ұлттық кеңес мүшелері аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Облыстық қоғамдық кеңесте өткен жиында ауыз су тапшылығын жою, өндіріс орындарын ашып халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Оған қоса Ұлттық кеңес мүшелері Президент тапсырмасы бойынша қылмыстық атқару мекемелерін аралап, бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша атқарылып жатқан істерді көрді. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, білім беру сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстар Ұлттық кеңесте қаралатын болды.

Айкүміс Досанова, Түпқараған ауданының тұрғыны: 
Шаруа қожалықтарының жылжымайтын мүлкі тұрған жерді ол адамға жекещелендіріп беру керек. 5 жылға мораторий жарияланды деп отыр ғой, сол мораторийден кейін де назардан тыс қалдырмау керек. 
Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы:
Мына мәселе маңызды, мына мәселеге алдыңғы қатарда көңіл бөлінеді деп айту қиын. Біз көтерілген тақырыптарды, мәселелерді олай жіктемейміз.Барлығына бірдей көңіл бөлуге тырысамыз. Біздің мақсатымыз- басқа да өңірлерді аралап, жүйелі бір талдау жасап, сосын соған қатысты ұсыныстар дайындайтын боламыз. 

Сонымен бірге Ұлттық кеңес мүшелері жастармен кездесіп, облыстық телеарнадағы «Мәмле» хабары арқылы көрермендердің сауалдарына да жауап берді. Кеңес өкілдері енді Солтүстік Қазақстан облысына сапарлап, теріскей жұртымен кездеспек.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу