Павлодарда көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, тұтас бір отбасы қаза тапты. Үшінші қабаттағы пәтерде өрт кешкі сағат тоғыздарда басталған. Бірден лап етіп жанып, үйдің ішін улы газға толған. 70-тер шамасындағы әйел адамның денесі баспана ішінен табылды. Басқалары сыртқа шығуға талпынған. Алдын-ала мәліметке қарағанда өрт темекі тұқылынан тұтанған.
Мейрамбек батырқұлов, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Өрт сөндірушілер бірден адамдарды құтқаруға кірісті. Сол кезде кіре берісте жатқан 1948 туған ер адамның, ал, 7 қабатта 2018 жылы туған қыз баланың, 9-шы қабаттан 1991 жылғы оның анасының денесі табылды. Есікті ашқан кезде қою түтін төменге лықсыған. Соны көріп бұлар жоғарыға қашқан. Сол кезде ауа жетпей тұншығып кеткен деген болжам жасап отырмыз.
Ал, бүгін түнгі сағат үште көпқабатты тағы бір үйден өрт шығып, жалын көрші үш пәтердің терезелерін шарпып өтті. 50-ге тарта адам сыртқа шығарылды. Бәрі аман. Тілсіз жауды тұмшалауға 7 көлік жұмылдырылды.
Болат Аманбаев