Семейде әскери қызметкер өрттен 15 адамды құтқарып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде әскери қызметкер өрттен 15 адамды құтқарып қалды

19.02.2019

Семейде әскери қызметкер жатақханалардың бірінде болған өрттен 15 адамды құтқарып қалды. Пәтерден шыққан қызыл жалын әп-сәтте жатақхана дәлізіне тарап, шырт ұйқыда жатқан жұртты әбігерге салған. Бір адам қаза болды. «Қуандық Қанатов тұрғындарды құтқаруға көмектеспегенде, салдары тіптен ауыр болар еді»,-дейді өрт сөндірушілер.

Қуандық Қанатов «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының 35 411 әскери бөлімінде жүргізуші-механик болып істейді. Жатақханада өрт болған түні алаңсыз ұйқыда жатқан. Айқай-шудан оянған ол қызыл жалынның ортасында қалған адамдарды бірден құтқаруға кіріседі.

Қуандык Қанатов, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы 35411 ә/б жүргізуші-механигі:

- Әрбір азаматтың міндеті ғой. Ең бастысы - адамның өмірі.

Қуандық өзінің отбасын да әрең құтқарып қалған. Өрт бірінші қабаттан шыққандықтан, жоғарыдағыларды сыртқа шығару оңай соқпаған.

Құралай Қанатова, Қ.Қанатовтың жұбайы:

- Бірінші баланы ойладым, баланы алып шық деп. Бірінші этажға келгенде, құлап түстім. Одан кейін, көмектесіп, далаға шықтық. Қатты шошыдық.

Құтқарушылар келгенше жедел әрекет еткен Қуандық ең алдымен жатақханадағы қарттарды тысқа алып шыққан. Бас-аяғы 200-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Байзель Валентина, қала тұрғыны:

- Отбасына да қарамастан, барлығын тастап көмектесті. 5-ші қабаттан түсе алмағандардың қолдарынан ұстап, көмек көрсетті. Күш-жігерін жинап, барлық егде адамға көмектесті. Біз оған сондай ризамыз.

Қазір тұрғындар жатақхана ішін жабылып жөндеп жатыр. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен ержүрек ефрейторға бәрінің алғысы шексіз. Ал, Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма Қуандық Қанатовты марапаттау үшін министрлікке ұсыныс жіберген.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу