Қарағандыда 162 әйел алаяқтардың арбауына түсіп қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 162 әйел алаяқтардың арбауына түсіп қалды

13.05.2021

Қарағандыда 162 әйел алаяқтардың арбауына түсіп қалды. Аса қымбат косметикалық қызмет түрлерін алу үшін олар несие рәсімдеп, алдын-ала төлем жасаған. Ал сұлулық салонының қожайындары ақшаны алған соң із суытқан. Бұған дейін де осы ғимаратта сұлулық салоны жұмыс істеп, біраз адамды сан соқтырған болатын. Кейін атауын өзгертіп, қайта ашылған. Қазір орталықтың есігі жабық, қожайындарының телефоны өшірулі. Полиция іс қозғады. Күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе кемінде 250 миллион теңге айыппұл төлейді.

Сәуле Ермекова, қала тұрғыны:
Мен қаншама ақша салдым. Косметикалық қызмет үшін алдын ала төлем жасадым. Әлі құйған ақшамның жартысын да пайдаланған жоқпын. Енді қалған соманы қайтаруды талап етемін.


Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Аталған мекеменің алаяқтық ісі бойынша полицияға жәбірленушілерден 162 арыз-шағым түсті. Оларға келтірілген шығын көлемі шамамен 25 миллион теңгені құраған. Бүгінгі таңда тергеу бөлімімен аталған мекеменің екі қызметкеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы, 4 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. 


Руслан Нұрланұлы 

қарағанды алаяқтар сұлулық салоны

Хабарламаларға жазылу