Қызылағаш су қоймасынан ешқандай қауіп жоқ. Алматы облысында қайта қалпына келтірілген Қызылағаш су қоймасында ақау шықты деген тұрғындар әлеуметтік желіде дабыл қақты. Осыдан бірнеше жыл бұрын болған апат кезінде зардап шеккен халықты бұл ақпарат үрейлендіргені рас. Бірақ, мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді. Су бөгеттің негізгі тоспасынан емес, апатты жағдайда су жүретін қосалқы бөлігінен ағып жатыр. Ал су қоймасы әлі сынақ мерзімінен толық өткен жоқ. Былтыр 20 млн текше метр су жиналса, биыл 30 млн текше метр су толтырылады. Келер жылы 42 млн текше метрге жеткенде, тексеріліп, сонан соң қабылдап алынады. Қазір секундына 6 текше метр су жіберіліп жатыр.
Саят Құдайбергенов, «Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры:Тунель істемей қалған жағдайда, тас тұрып қалып, бітеліп қалған жағдайда 286 куб суды былай ағызып жібереді. Сондықтан да уәкілетті орган адамдарды да дамбыны қарап шықты. Ешқандай қатер жоқ. Дамбыны сау деп отыр. Сондықтанда мен тағы айтам, бұл әлі қызмет жасайды халқымызға.
Қызылағаш апаты осыдан 11 жыл бұрын наурыздың 11-нен 12-не қараған түні болып, тұтас бір ауылды су шайып кеткен еді. Қайғылы оқиға кезінде 45 адам қаза тапқан болатын.
Қуаныш Қанатұлы