Астанада жоғалған оқушының денесі құдықтан табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жоғалған оқушының денесі құдықтан табылды

20.02.2019

Астанада тағы бір бала төтенше жағдайдың құрбаны болды. Ақпанның 16-сы күні жоғалып кеткен 13 жастағы Бақдәулет Өмірханның денесі құдықтан табылды. 3 күн бойы елорда ғана емес, ел болып Бақдәулеттің аман-есен үйге оралуын тілеп едік. Оны табу үшін жүздеген ерікті жұмылып, іздеу жұмыстарын күн демей, түн демей жүргізді. Ең өкініштісі, Ішкі істер органдары мен еріктілер «40-станция» деп аталатын мекеннің айналасын түгел тінтіп жүрсе, Бақдәулет 3 күн бойы үйінен 200 метр қашықтықтағы құдықта жатыпты. Жасөспірімді құтқару неліктен қиын болды?

«Бақдәулет Өмірхан. Ақпанның 16-сы сағат 17:00 шамасында үйінен шыққан». 13 жастағы балаға іздеу салған оның туыстары, сыныптастары мен еріктілер осындай парақшаларды күні кеше таратып жүрген-тін. Енді, міне, оның үйіне көңіл айту үшін келіп жатыр. Мына жатақханада пәтер жалдап тұратын Бақдәулеттің ата-анасында сұхбат беруге дәрмен жоқ. Оқиғаны туыстары баяндап берді.

Нұржан Өмірханұлы, Бақдәулеттің туысы:

- Сағат 23:00 кезінде ІІО-ға хабарластық. Баланың жоқ екенін айттық.

Жасөспірім үйден шыққан кезде ата-анасы жұмыста болыпты. Үш баланың ортаншысы, отбасының жалғыз атқамінері Бақдәулет соңғы рет қарындасына қоңырау шалған.

Мұрат Құдаяқов, Бақдәулеттің туысы:

- Қалтасында телефоны бар.

Альбина Әшім, тілші:

- «40-шы станциядағы балалардың қыстағы басты ермегі – мына қырдан сырғанап ойнау. Ойын баласы Бақдәулет сол күні қарындасының соңынан еріп кеткен деседі. Ал, Бақдәулет жоғалғалы «ол құдыққа түсіп кетуі мүмкін» деген күдік пайда болғанда, тұрғындар мен еріктілер мынадай таяқшалардың көмегімен құдықтарды іздестіріп, осылай қардың қалыңдығын тексеріп, үшінші күні Бақдәулет құлап кеткен мына құдықты анықтаған.

Бақдәулеттің денесін анықтаған - мына кісілер. Еріктілер топ-топқа бөлініп, екі күн бойы Бақдәулетті іздеген. Арнамызға берген бейнематериалдардан оңай болмағаны көрініп тұр.

Бақытбек Бидахметов, ерікті:

- Бірінші күні боран болды. Қар белуардан келеді. Ашылған люктің бәріне төрт жағынан қазық қағып, лентамен жауып, сөйтіп келе жатқанбыз. Осы жерден таптық. Мұндай жағдай болады деп кім ойлаған.

Еріктілер жұмысты жеделдету үшін спутниктен алынған суретті пайдаланған. Сөйтіп жүріп, тек осы маңайдағы мұндай құдықтар 100-ден асатынын анықтапты.

Өйткені қалың қардың астында қалған құдықтардың дәл қай жерде орналасқаны белгісіз.

Нұржан Өмірханұлы, Бақдәулеттің туысы:

- Бірден жедел әрекет жасағанда, мұндай жағдайға жетпейтін еді. Оларға бірден айттым, итпен келіп, іздеңіздер деп.

Айзада Жүсіпова, ерікті:

- Міне, мектеп. 300 метр жерде ашық құдық. Осы құдықтардың бетін жабу үшін тағы қанша адам құлауы керек? Біздің әкімдік пен коммуналдық қызметтерге өтінішіміз: өз жұмыстарына жауапкершілікпен қараса. Егер ол құдық жабық тұрса, мұндай қайғылы оқиға болмаушы еді.

Бақдәулет оқуда озат болды. Бәлкім, атақты физик болар ма еді. Осылай еске алған мұғалімдері оның осы пәннен олимпиадаға дайындалып жүргенін айтты. 

Гүлмира Айталы, №29 орта мектептің мұғалімі:

- Ең жақсы көретін балаларымның бірі. Сабақты өте жақсы оқитын, тәрбиелі, үздік баламыздың бірі.

Тереңдігі шамамен 5 метр құдық түбінде 3 күндей жатқан Бақдәулеттің басынан өткергенін елестетудің өзі қиын. Арманда кеткен пейілі кең періште туған жері Таразда жерленетін болды.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу