Сәби сүюді жоспарлағандар ең әуелі екпе салдырғаны дұрыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәби сүюді жоспарлағандар ең әуелі екпе салдырғаны дұрыс

14.05.2021

Сәби сүюді жоспарлағандар ең әуелі екпе салдырғаны дұрыс. Вакцинаның бала көтеруге зияны жоқ. Бүгін баспасөз алаңында сұхбат берген бас репродуктолог Вячеслав Локшин осылай деді. Ал қан қысымы жоғары адамдардың екпе салдыруына бола ма? Тілшіміз Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Аяғы ауыр әйелдерге екпе емес, ковид жұқтыру өте қауіпті. Осыны қыз-келіншектер дұрыс түсінсе дейді сарапшылар. Өйткені, былтыр коранавирус жұқтырып, қайтыс болу деректері елдің есінде. Сондықтан, сәби сүюді және жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеруді жоспарлағандар алдымен екпе салдырғаны жөн.
Вячаслав Локшин, ҚР бас репродуктологы: 
Канада, Израиль елдерінде тіпті жүкті әйелдерге де салынып жатыр. Сондықтан вакцинаның бала көтеруге еш зияны жоқ. Жүктілікті жоспарламас бұрын, екпе алған дұрыс. Егер екпеден кейін, аяғыңыз ауыр екенін білсеңіз түсік жасатуға асықпаңыз. Түрлі жоспарлы скринингтер бар ғой.Сонда бәрі айқын көрінеді. Былтырдан бері коронавирустан қаншама әйел қайтыс болды. Сондықтан өзіңіздің және баланың саулығын ойласаңыз екпенің толық курсын алып алған жөн.
Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Егер сіздің қан қысымыңыз көтеріліп тұрса, екпе салдыруға болмайды. Сондықтан терапевтің алдына барғанда міндетті түрде қысымды өлшеткен жөн. Егер жоғары болса, қалыпқа келгенше вакцина салдырмаған дұрыс. Ал аллергиясы бар адамдар қандай бір препаратқа аллергия болса абайлауы керек. Екпе аламын деп шешім қабылдаса дәрігермен ақылдаса отырып, арнайы дәріні қабылдауы қажет. Ал өсімдіктерге маусымдық аллергияның қауіптілігі жоқ. Спутник в вакцинасының аралық интервалын мамандар тағы да түсіндіріп өтті.
Манар Смағұл, ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалы директорының орынбасары: 
Екінші компонентті бірінші компоненттен кейін 21 күннен 90 күнде аулға болады. Бұл иммундауға әсер етпейді.
Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Егер бірінші компоненттің орнына екіншісін салып, шатастырған жағдайда ағзаға зияны жоқ, тек келесі кезекте алғашқысын алу керек. Сондай-ақ халық арасында екпе салдырғандар індет жұқтыруы мүмкін деген қате түсінік бар. Ұсынылған екпелердің құрамында тірі вирус жоқ. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ дейді сарапшылар. Елімізде 800 мың дозаға жуық екпе бар. 1000нан астам иммундау пункті жұмыс істеп тұр. Вакцинаның үш түрі де жеткілікті.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу