Дүниежүзіндегі бөкендердің 90 пайызы Қазақстанда мекендейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзіндегі бөкендердің 90 пайызы Қазақстанда мекендейді

14.05.2021

Ал, қазір елімізде киіктердің төлдеу кезеңі бастады. Бұл мамырдың соңына дейін жалғасады. Осыған байланысты, түз жануарлары жиналатын аумақтарда күшейтілген рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:
Біз Ақмола облысының Жақсы ауданында жүрміз. Мұндағы радиусы 50 шақырымдай болатын осы ойпаңды инспекторлар киіктердің перзентханасы деп атайды. Өйткені, жыл сайын мамыр айында орталықтағы киіктер төлдейтін кезде осы аймаққа жиналады. Биылдың өзінде 70 мыңға жуық киік жиналып, солардың 30-40 пайыздайы лақтап үлгерген. Міне, кішкентай ғана киіктің құралайы.

Жаңа туған лақ екі сағатта аяқтанады. Бірақ, толық өсуі үшін айға жуық уақыт керек,-дейді қорықшылар. Бөкендер көбіне егіз туады. Алғашында өздері алысқа кетіп, лақтарын емізуге ғана кеп тұрады. Бұл жыртқыштардан қорғанудың амалы. Дәл осы кезде оларды броконьерлерден қорғау да маңызды. Өйткені, киіктің мүйізіне қызыққандар жаңа туған лақтарды көлікпен басып кетуі мүмкін.

 Мадияр Имашев , «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК баспасөз маманы:
Барлық Қазақстан бойынша бізде 44 топ бар. Ол 44 топ 15 күннен жұмыс істейді.

Былтырдан бастап браконьерлерге жаза күшейді. Олар енді 6 жылдан 12 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін. Өйткені, Халықаралық «Қызыл кітапқа» енген жануарды атуға бізде 2000 жылдардың басында тиым салынған.

Дүниежүзіндегі бөкендердің 90 пайызы Қазақстанда мекендейді. Елімізде киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы бар. 2019 жылғы мәлімет бойынша біздегі бөкендер саны 330 мыңнан асқан. Былтыр пандемияға байланысты санақ жүргізілмеді. Ал, биылғы санақтың қорытындысы жыл соңында шығады.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу