Тәуелсіздік шежіресі: 1999 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік шежіресі: 1999 жыл

16.05.2021

Девальвация дегенді алғаш 1999 жылы естідік. Сездік. Төл валюта одан кейін бірнеше рет құнсызданды... Жалпы, қымбатшылық қалыпты құбылысқа айналып кеткен. Биыл мысалы, азық-түліктің, баспананың бағасы шарықтап кетті...

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы айдары, 1999 жыл. Нұрлан Асқардың материалы.

Нұрлан Асқар, тілші: 
99-да теңге айтарлықтай құнсызданады. Ендігі бір доллардың құны 90 емес, 160-қа бір-ақ барады. Нақтысы, 5 сәуірде теңгемізді бірінші рет еркін айналымға жібердік.

Таңсық тіркесті премьер Балғынбаев жексенбіде теледидардан жұртқа талдап береді. Айтпақшы, 99 –да өзімізді өзіміз санап көрдік. Халық санағы өтті. Тәжірибе аз. Сондықтан дайындық 97-ден басталды.

Ерболат Мұсабек ,Демограф: 
Өйткені тұңғыш санақ өтейін деп тұр. Пилоттық жоба негізінде алдын-ала есептеп көрдік. Дайындық пысықталып көрді. Бұл кезде облыс саны да өзгерді. 19-дан 14-ке кемуі де сол санаққа әсер етті.

 Алдын-ала санағанда қазақтардың үлесі – 51 пайызға жетіпті. Сосын таңырқап, күмән келтіргендер кездесті. Бірақ доминант ұлтқа айналғанымызды 99-дағы санақ дәлелдеп берді. Сөйтсек - 53 пайыз. Көрсеткішке тікелей әсер еткен факторлар:

 - ТМД елдеріне көшіп кеткендер - 69,9 пайызы - орыстар;
 - ТМД- дан тыс елдерге кетушілер - 63,3 пайызы – немістер;
 - Қандастардың елге үдере көшуі (Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және т.б);

Санақ соңы елімізде – 14 млн, 953 мың тұрғынның санын шығарды. Есептеу 8 күнге созылды. 70-80 мың маман есеп-қисап жүргізді. Сосын азаматтығы қос елде сақталып, шетте оқып-жұмыс істеуге кеткені, өмірден өткен, дүниеге келгендерді мұқият есептеу маңызды еді.

Ерболат Мұсабек, Демограф: 
Алматының барахолкасы маңында қаншама адамдар бар. Ондай үлкен қалалардың барлығында болды. Сол жердегілердің негізі тұрып жатқан жерін сұрап, іздеп, отбасыларды байланыстырып оның барлығы үлкен жұмыс болды. 

ҰБТ-ның алғышарты 99-да көрініс тапқандай. Өйткені грантқа түсу деген шықты. Нақтысы, жаңа заңға сәйкес түлек енді тегін оқығысы келсе, грант ұтып алуы керек. Болмаса 15 жылға кредит алып, университетке түседі.

 Алма Наурызбаева, ардагер ұстаз: 
Дағдарыс кезінде құтқару болды. Бір жағынан баласын оқуға түсіріп алады. Әйтеуір тәуекел. Кейін түбі қайтарармыз деп. Есебі бар. Сосын қайтаруы керек.
Нұрлан Асқар, тілші:
Дағдарыс кезінде оқуын тастап кеткен еліміздегі 26 мың оқушы сол 98-99-да мектепке кері қайтарылады. Ынталандыру үшін не істеу керек болды? Түрлі білім жобалары қолға алынды. Әсіресе біз білетін алтын белгі медалін табыстау осы жылдан басталып еді.

Сосын 98-99 жылдары елімізде 182 орта мектеп, 23 интернат қайта қалпына келтірілді. Базасы нашар жекеменшік университеттердің лицензиясы қайтарылады.

Нұрлан Асқар, тілші: 
Сөйтіп қалған елдегі 52 университет тестілеудің жаңа ережесі бойынша 7 мың студентті оқуға қабылдайды.

Айтпақшы, Қазақстан бұл жылы жоғары оқу орнына дейін, ия кейінгі білім берудің 3 деңгейлі жүйесіне өтеді. Бакалавриат, магистратура және докторантура.

99-да Елорданы «Миллениум пати» деген шаралар шулатты. Жаңа мыңжылдық деп жұрт тойлады. Желтоқсанның соңында президенттік балл, мерекелік салют, тіпті карнавалдар өтті.

Ельцин кетті, Путин келді. Ельцин «Мен шаршадым» деп мәлімдеме жасады. Ал Путин билікке келе салысымен, Шешенстандағы билікті Мәскеуге бағындыруға кірісті. Ал Ұлттар ұйымы жер бетіндегі тұрғындар саны 6 млрд-қа жетті деп хабарлайды. Айтпақшы сол жаһан жұртының назары 99-да Дубайға ауады. Өйткені бұрын болмаған 7 жұлдызды жаңа «Бурж әл-Араб» қонақүйі ашылды. Нысан бірден жаһанның жыл жаңалығы атанды.

Бізді 15 жастағы Рахат Тұрлыханов баурап алды. Тіпті осы 99-дың соңында Рахат «жыл жаңалығы» атанады. Бойжеткен, бозбала біткеннің бәрі Рахаттың әндеріне әуес болды.


Хабарламаларға жазылу