Түркістан облысы, Созақ ауданында егістік алқаптарға су жетпей жатыр. Ағын суды жинап, пайдаға жарату үшін жеті жыл бұрын аудан орталығы Шолаққорғанда су қоймасы салынған. Алайда тоғанның құрылысы аяқсыз қалды. Салдарынан таудан аққан бұлақ суы жерге сіңіп, мыңдаған гектар суармалы алқап игерусіз қалды. Диқандардың өзегін талдырған мәселе жайында тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.
15 гектар суармалы жері бар Жарас Ермекбаев соңғы бірнеше жыл бойы егіні шықпай, шығынға батты. Ағын судың азабын тартқан шаруа ақыры алқапқа көкөніс емес, тек жоңышқа егетін болды.
Жарас Ермекбаев, шаруа:
Су жетіспеушілігіне байланысты бәрі тастап кетті. Жазы бойы күн ысыған сайын су тартыла бастайды. Сөйтеді да, шілде айларында, тамыз айларында су тапшылығы өте қиын болады. Судан қалып еккен егісіміз бекерге күйіп кетіп жатқан жағдайы бар.
Ауыл іргесіндегі Біресек каналы көктемде кемеріне жеткенмен, жаз шықса ағын судың 60 пайыздайы жерге сіңіп жоқ болады дейді мамандар. Салдарынан жұрттың шаруасы шабандап, тірлігі тұралайды. Қуаңшылықтың кесірінен 1170 гектар егістік жер жылда игерілмей, иессіз жатады.
Қайырбек Мейірманов, Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Судың нағыз керек уақыты бізде шілде кезінде шаруаларымызға су жетіспеу мәселесі туындайды. Ал мынау көктемгі маусымдағы 1200 литр суымыз қыс, алты ай қысымызда осы тастаққа сіңіп жатады.
Канал суын жинап, кәдеге жарату үшін 2014 жылы жаңа қойманың құрылысы басталды. Алайда сыйымдылығы 2 млн текше метр болатын тоғанның құрылысы кейін қаржы жетпей тоқтап қалды. Екінші кезеңге қажетті 2 млрд 375 млн теңге қаражат әлі күнге бөлінбей келеді.
Әлімжан Иса, Созақ аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
Біз құжаттарды қаржыландыру үшін облыстық құрылыс басқармасына өткізіп қойдық. Қазір енді облыстық бюджет комиссиясына ұсынулар жүріп жатыр. Мәселе сол қарау керек қой қаржыны.
Ал, облыстық құрылыс басқармасының жауапты мамандары бұл нысанды салуға қаражаттың биыл да бөлінбегенін айтты. Республикалық бюджеттен алу үшін нақты ұсыныс та жасалмаған. Сондықтан, биыл да мыңдаған гектар алқап игерусіз қалмақ.
Айнұр Ақбаева