Елдегі зағип жандарға арналған кітапханалар ресейдің өніміне байланып отыр. Өйткені, бедерлі-қаріпті оқулықтар шығаратын баспахана атымен жоқ. Тиісінше, қазақ тіліндегі арнаулы кітаптар тапшы. Соған байланысты депутаттар мәселе көтеріп, ұсыныстарын айтқан болатын.
Пәленше секілді талай тағдырлы жан талғамына қарай кітап таппай жүр. Бедерлі-нүктелі оқулық қоры небары 200 мыңнан асады. Соның 20 пайызы ғана қазақша.
Асхат Байұзақов, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры:
Көбісі кеңес одағынан қалған қор. Тәуелсіздіктен бері қарай қазақ тіліндегі қор тапшы. Өйткені республикада арнаулы баспаханалар жоқтың қасы деуге болады. Бір-екі баспахана бар. Олар жылына шығарып үлгермейді әдебиеттерді. 20-30 кітап қана.
Ал, көзінде кінәраты бар және мүлдем көрмейтін оқырман саны 32 мыңға жақын. Мұндай кезде қолда барды ұқсатудан басқа амал жоқ. Республикалық кітапхана сұранысқа қарай жылына 15 кітапқа дейін басып шығарады. Одан арғысына қауқары жетпейді. Өйткені, жәй принтерден іс өнбейді. Дені ресейден жеткізіледі. Әлбетте, орыс тілінде. Мұның сыртында сипап сауат ашып жүрген шәкірттердің мәселесі де өзекті. Зағип балаларға арналған 11 арнаулы мектепте 1500-дей бала білім алады.
Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Білім және ғылым министрлігі арнайы білім бағдарламасын енгізуі қажет. Одан кейін оны оқыту үшін арнайы мамандар оқытылуы шарт. Куратор, кітапханашы, тіпті дене шынықтыру мұғаліміне дейін сол методикадан өтуі керек.
2025 жылға дейін мемлекеттік тілдегі кітапханалар қорын 10%-ға ұлғайту жоспарланған. Түтйкіл баспаханаға тіреліп тұр. Онсыз проблема түбегейлі шешілмейді,-дейді депутат. Бүгінде елде әр деңгейде 15 арнаулы кітапхана бар. Егер іші Брайль жүйесіндегі кітапқа толса көзі көрмегенмен көкірегі ояу азаматтар шығармашылық шыңына шығар ма еді?...
Нысаналы Ығыл