Бұқаралық спорт әлі де қолжетімсіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұқаралық спорт әлі де қолжетімсіз

18.05.2021

Бұқаралық спорт азаматтарға әлі де қолжетімсіз. Бұл туралы Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында айтылды. Саладағы мемлекеттік тапсырыстардың орындалу барысы да сын көтермейді. Қатысушылар бұқаралық және балалар спортын дамытуда жетіктіктеріміз шамалы деп отыр.

Cтатистикаға сүйенсек, елде 6 млн-ға жуық адам дене шынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл халықтың 30 пайыздан астамы бұқаралық спортқа тартылды деген сөз. Бірақ комитет өкілдері Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар әлі де ойдағыдай орындалмады, жұмыстар мардымсыз, нәтиже көңіл қуантпайды деп отыр.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, комитет хатшысы:
Жүзеге асыру жағына келгенде көптеген өтірік цифрлар беріледі. Мысалға жақсы заң бар, Үкіметтің қаулысы бар. Еңбек ұжымдарында өндірістік гимнастика енгізу деген. Қалай енгізіліп жатыр? Оны ешкім айта алмайды. Айтпайды да.

Биыл балалар спортына қатысты мемлекеттік тапсырысқа 5 млрд теңге қаралып, 40 мыңнан астам баланы спортқа баулу көзделген. Бірақ өңірлерде спорт мектептері жеткіліксіз. 1 млн-ға жуық оқушы білім ошағындағы секцияларға ғана баруға мәжбүр. Салынып жатқан ғимараттардың құрылсын мерзімінде аяқтап, мемлекеттік тапсырыстардың орындалуын қадағалау қажет. Комитет мүшелері аудан, облыс деңгейінде өтетін түрлі жарыстарда іссапар қаражатының спортшылар қолдарына тимей қалатынын да айтты. 

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Барлық облыстарға осы мәселенің бар екендігі туралы айтып, назарына жеткіздік. Бұл мәселенің алдағы уақытта шешілетіндігіне, қазір облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысып отыр, мұны болдырмау жағын шешетін болады деп есептейміз.

Былтыр 21 мыңнан астам спорттық шара өтіп, 1,5 млн-дай адам қатысқан. Комитет өкілдері спортпен айналысатындар санын, шараға қатысатын қарапайым азаматтармен шатыстырмау қажеттігін айтты. Бұған қоса, кәсіпқой спорттан бұқаралық спортқа қаражат бөлу тетіктерін қайта қарауды ұсынып отыр. 

Дарын Сағитов



Хабарламаларға жазылу