Шетелден көлік әкелгендер қып-қызыл шығынға батып отыр. Өйткені, утилизациялық алым аса қымбат. Бұл қаржы тиісті мақсатқа жұмсалып жатыр ма, ол жағы беймәлім,-дейді сарапшылар. Жалпы, елде көліктер паркін жаңартуға тосқауыл көп. Бір топ белсенді утилизациялық алымды мүлде тоқтату жайлы ұсыныспен петицияға қол жинап жатыр. Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.
Жәнібек 2 жылдан бері Оңтсүтік Кореяда тұрады. Қазақстанға көлік жіберумен айналысады. Бірақ, ол жақта құны арзан машинаның бізге жетіп, тіркелгенше бағасы аспандап кетеді. Кемі 30, көбі 100 пайызға дейін қымбатқа түседі.
Жәнібек Дәулетов, кәсіпкер:
Біз бұл жақтан жылы жаңа, сапалы көліктерді таңдап алып, Қазақстанға жібереміз. Мәселен мына 2020 жылғы хенде соната теңгемен есептесек 9 млн тұрады. Оны жеткізу, кедендік рәсімдеу, алғашқы тіркеу, утилизациялық алымды төлегеннен кейін бағасы 13-14 млн теңгеге дейін өседі.
Шетелден көлікке тапсырыс берген тұтынушылар тіркеуге дейінгі төлемдердің тым қымбаттығына шағымданады. Мысалы, Нұраддин Садықов сырттан келген көлікті тізгіндеп, сан соғып қалды. Қып-қызыл шығынға батты. Бірақ, амал жоқ алған соң соңына дейін баруға тура келді. Сөйтіп, өзгелерге сабақ болсын деп шырғалаңды әлеуметтік желіде жариялады. Енді утилизациялық алымды арзандату туралы ұсыныс әзірлеп жатыр.
Нұраддин Садықов, белсенді топтың өкілі:
Жалпы қарапайым халықтың автопаркін жаңарту мақсатында деп басталды ғой о баста. Бірақ олай емес. 2016 жылдан бері қазіргі кезге дейін 5 жылдың ішінде біздің автопарк 72 пайызға ескірген. Жаңармаған. Ескірген. Екіншіден жасыратыны жоқ жекелеген монопалистердің ығына жасалып жатқан осы бір экономикалық жүйені бұзғымыз келіп азаматтық белсенділік жасап танытып жатқан жайымыз бар.
Утилизациялық алым 5 жыл бұрын енгізілді. Әу баста мақсаты айқын, яғни ескі көліктерден құтылу үшін еді. Бірақ, олай болмай шықты. Қаражат жөн-жосықсыз пайдаланылып жатыр,-дейді кәсіпкерлер.
Салтанат Бралина, кәсіпкер:
2020 жылдың басында жиналған ақша 220 млрд теңге болды. Оның 36 млрды ескі көліктерді ал 11,5 млрд теңгесі авто бөлшектерді жоюға жұмсалған. Яғни барлық ақшаның 21 пайызы ғана бастапқы мақсатқа бағытталған. Бұл Оператор РОП басқарма төрағасының берген сұхбатынан алынған ақпарат.
Утилизациялық алым барлық елде бар. Бірақ, құны бізден әлдеқайда төмен.
Тимур Жаркенов, сарапшы:
Егер халықаралық тәжірибе назар аударсақ дамыған елдерде оның сомасы 50-ден 200 долларға дейінгі шамада. Бұл ақша тек көліктерді жоюға яғни экологиялық бағытқа ғана жұмсалады. Менің есебім бойынша көліктерді жоюға осы ақша толығымен жетеді. Ал бізде тым қымбат.
Мәселенің мән жайын экология министрлігінен білмек болдық. Алайда, бүгін жауап береміз деген уәдесінен тайқып кетті. Ал, белсенді топ ұйымдастырған онлайн петицияға 40 мыңнан аса адам қол қойып үлгерген. Олардың мақсаты төлемдерді азайтып, елдегі көлік паркін жаңарту және көлік бағасын арзандату.
Оңғар Алпысбайұлы