Тілсіз жау 20 шаршы метр аумақты, терезелер мен жиһаздарды түгел шарпыған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Іштегі науқастар шұғыл түрде орталықтың негізгі бөліміне ауыстырылды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығының мына ғимаратында өрт шыққаны жөніндегі хабарлама 23:30-да келіп түскен. Құтқарушылар келген сәтте жиһаз, түрлі заттар, терезе, тұрмыстық техника, ағаш қабырға мен 20 шаршы метр алаң жанып жатқан. Іштегі науқастарды түн ішінде құтқару қалпақтары мен зембілдердің көмегімен эвакуациялаған.
Айдана Жүніс, ТЖД баспасөз хатшысы:
- 22 науқас құтқарылды. Сондай-ақ, 3 мейірбике болды. Өрт сағат түнгі 00:16-да сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша, өрттің себебі электр құрылғысын қараусыз қалдырып кетуден болған. Яғни, электр шәйнегін қосып кеткен.
Дәуір Құрманғалиев, Х.Ж.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының директоры:
- Бөлім қазір басқа корпусқа көшті. Осында жұмыс істеп жатыр. Қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Ол жақта 3 аптадан соң қайта жұмысқа кіреміз.
Науқастар орталықтың негізгі бөліміне ауыстырылды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Жағдайлары бір қалыпты. Ал, өрттің шығу себебін мамандар тексеріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық техниканы дұрыс пайдаланбағаннан болған делінеді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.