Алматы облысының тауларында жабайы сиверс алмасы гүлдей бастады. Қазақ даласының алманың отаны екенін растайтын әсем ағаштар Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи парк аумағындағы 8 мың гектар алқапта жайқалып өсіп тұр. Тіпті Жапон еліндегі сакураның гүлдеуінен кем түспейді. Өңірдегі меншікті тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тау бөктеріне көтеріліп, тұмса табиғатты тамашалап қана ақоймай, алма фестивалін де көріп қайтты.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Жабайы Сиверс алмасы теңіз деңгейінен 700-800 метр биіктіктен бастап, 1200 метр биіктікте өседі екен. Сәйкесінше оның гүлдену процесі де әртүрлі. Кейбір жерде гүлдеп бітсе, кейбір жерде осылай әдемі жайқалып тұр. Ал кейбір жерде енді гүлдей бастайды.
Демек алманың бүршік атып, гүл жарғанын ұзақ тамашалауға болады. Ұлттық парк аумағында осындай бірнеше алаң мен арнайы туристік бағыттар бар. Мамандар келушілерге алманың шығу және әлемге таралу тарихын түсіндіріп, тың мағлұмат береді.
Саят Игенбаев, аға ғылыми қызметкер:
40-тана аса түрі осы сиверс алмасының түрі өсуде. Олар әрбір ауруға, суықтық аяздарға төзімділігі, сол қасиетімен қазір бүкіл әлемде ізденіс, сұраныста.
Ұлттық парк қызметкерлері жабайы алма ағашын қорғап, сақтап қана қоймай, оның қорын да молайтып келеді. Алманың дәнінен көшет өсіріп, бір жылда сиверс алмасының алқабы 30 гектарға ұлғайған. Бұл шамамен 150 мың көшет. Мұнан бөлек алдағы уақытта алманың басқа да түрлерін өсіру көзделген.
Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Қазіргі парктің орнында лесхоз болған. Сол лесхозда 100 гектар өзінің жеуге жарайтын, мәдени сорттарымызды алға қойған мақсатымыз, соны жандандырсақ деп отырмыз.
Алма фестивалі ұлттық парк қызметкерлері арасындағы спорт ойындарына ұласты. Ерекше қорғалатын аймақ биыл туристер қабылдауға дайын. Қазір парк ішінде 10 адамға дейін топтасып серуендеуге рұқсат берілген.
Қуаныш Қанатұлы