Қарулы күштеріміз жердің тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғауға қабілетті болуы керек. Бүгін Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Елбасы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға тапсырма берді. Жиында Қарулы күштерді құру және дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қаралды. Әрі шекарадағы қорғанысты арттырып, әскердің әлеуетін көтеру мәселесі сөз болды.
Қазір қорғанысымыздың бес қаруы сай. Шекарамыз шегенделген. Құрлықтағы, судағы, әуедегі және кибер кеңістіктегі қарсыласқа төтеп берер әскеріміз бар. Бірақ, қауіп қайдан демеңіз. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы армияны жаңа заман талаптарына сай дамытуымыз керек деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Қарулы Күштер тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды, ұлттық мүдделерімізді қорғауға қабілетті болуға тиіс. Мұның бәрі армияның таяу онжылдықта дамуын жоспарлау кезінде ескерілуі керек. Біз барлық көршілерімізбен берік достық байланыс, жетекші державалармен сенімді серіктестік орнаттық. Қауіп жоқ сияқты көрінеді. Алайда мықты әскер ел қауіпсіздігінің кепілі.
Оның үстіне соңғы кездері ушыққан ұлтаралық қақтығыстар, геосаяси тұрақсыздық кірпік қақпауды талап етеді. Әсіресе асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандырудың маңызы зор.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Әскери ғылымға, қорғаныс саласына бөлінетін қаржы жыл сайын өсіп келеді. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында заманға сай қару-жарақ пен әскери техника шығару жолға қойылған. Қазір өздеріңіз білесіздер бүкіл жаһан экономикасы құлдырап, соңғы жарты ғасырдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Алайда әлемдік әскери шығындар төрт процентке өсіп, 1,8 трлн доллардан асты.
Яғни әлем елдері экономиканың құлдырауына қарамастан әскерін күшейтіп жатыр. Біз де қарап қалмауымыз керек. Осы ретте Елбасы шекара қорғанысын арттыруды тапсырды. Әрі ел шетіндегі елді-мекендер қаңырап бос қалмауы керек. Қазір қаржы болашағы бар аудандарға бөлініп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек. Шекара қызметі мен Қарулы Күштерді құру өзара үйлесімді әрі бірыңғай стандарт бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастырған жөн.
Келер жылы қарулы күштеріміздің құрылғанына 30 жыл. Бірақ Қорғаныс саласында атқарылап шаруа әлі көп. Бастысы - ықшам, қуатты армия құруды жалғастыра беру керек. Сондықтан әскерді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалған.
Досжан Маратұлы