Елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары өздері салған жолды жаппауды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың іргесіндегі ауыл тұрғындары өздері салған жолды жаппауды сұрайды

20.05.2021

Елорданың іргесіндегі Талапкер ауылында 50 шақты үй сыртпен байланыссыз қалуы мүмкін. Олардың әкімдіктен рұқсат алып, өз күштеріне салып алған жолдары жабылып қалуы мүмкін. Бас жоспар бойынша жолдың үстіне елді мекенді сумен қамтып отыратын станция түседі. Қазір оның құрылысы аяқталуға жақын. Енді ауласын қоршаса ауылдықтардың жолдары жабылады. Тұрғындардың шағымы бойынша тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы Талапкерге арнайы барып қайтты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Тұрғындардың көксеп көтеріп отырғандары осы жол. 50 шақты үйді сыртпен, қаламен байланыстырып отырған күре тамырымыз осы дейді. Дегенмен, бірнеше күн бұрын мынадай темір қазықтар орнатып, түбін бетонмен құйып тастаған. Егер мына тұрбалардың арасына қақпа орнаса сыртпен байланыс толықтай үзілмек.

Бұл мәселені тұрғындар 1 жыл бұрын да көтерген. Әкімдіктің араласуынан кейін құрылыс тоқтап, жол әзірге жабылмайды деп тарқасқан. Ал темір қазықтар орнатылған кейін халықтың күдігі қайта күшейді. 

Болат Өтенов, Талапкер аулының тұрғыны:
Біз жаңа жол сұрап жатқан жоқпыз. Жолымызды жөндеп бер, көшемізге жарық қойып бер деп талап қойып жатырған жоқпыз. Өзіміздің күшімізбен салған жолды бізге қалдырса екен дейміз. Болды.

Тұрғындар күллі ауылды тұщы сумен қамтитын нысанды салма деп те айта алмайды. Тек айналасындағы қоршауын сәл кейін шегерсе дейді. 

Сағдат Айбасов, Талапкер ауылының тұрғыны:
Мынау да керек бізге. Объект. Түсінеміз. Мына арадан қақпасын қойып, бізге мынау жолды қалдырса болар еді. 

Ал құрылысшылар жолды жауып, аумақты қоршамасқа амалымыз жоқ. Әйтпесе бізден нысанды қабылдамайды деп отыр.

Тұрғындар телеарнаға шағым айтып жатыр дегенді естіген әкімдік өкілдері де бірден жетті. Әкім орынбасары бір жыл бұрынғы жауабын тағы қайталады.

Мирас Қужубаев, Талапкер ауылдық округы әкімінің орынбасары:
Бұл көшені, қандай жағдай болмасын, әзірге жаппайды. Біз халықтың талабын түсініп отырмыз. Оларды сыртпен байланыссыз қалдыра алмаймыз. Әлия Молдағұлова көшесіне авфальтталған жаңа жол саламыз. Содан кейін ғана бұл жолды жабуға рұқсат береміз. 

Әкім орынбасары жол құрылысы жоспарда бар екенін көрсетіп, сөзін дәлелдеді. Ал тұрғындар бұл уәденің қалай орындалатынын өз бақылауымызға аламыз деп отыр. 

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу