Алматы облысында 4 қызды қаққан жүргізушіге қатысты сот отырысы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 4 қызды қаққан жүргізушіге қатысты сот отырысы өтіп жатыр

21.05.2021

Алматы облысында төрт қызды қаққан жүргізушіге қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Процеске айыпталушының және қайтыс болған оқушылардың туыстары мен куәгерлер қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының сот залына кіруіне рұқсат берілмеді. Оқиға күні көлік тізгінінде болған Әсет Демесінов өз кінәсін толық мойындағанымен, есімді жоғалтатындай мас болған жоқпын деді. Ол зардап шеккен қыздардың туыстарынан кешірім сұрап, болған жағдайға өкінетінін айтты. Бұл қайғыдан қан жұтқан отбасылардың көңіліне демеу бола алмады. Марқұм Карина Сапиеваның анасы соталушыға кешірім бермейтінін айтса, Ризвангүл Ибрагимованың жақындары судьядан оны қатаң жазалауын сұрады.

Еске салайық, Қорам ауылында мас күйінде көлік жүргізген 54 жастағы азамат жол жиегінде кетіп бара жатқан төрт қызды қағып кеткен болатын. Алған дене жарақатынан екі қыз ауруханада көз жұмды. Аман қалған үшінші қыздың аяғы сынып, алған емінен кейін үйіне жіберілді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу