Тәуелсіздік шежіресі: 2000 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік шежіресі: 2000 жыл

23.05.2021

«Тәуелсіздікке 30 жыл. Тележылнама» айдары. 2000 жылдың кейбір детальдарына Нұрлан Асқар тоқталады.

2000-ға аяқ бастық. Сол тұста елдегі орташа жалақы 2680 тг, зейнетақы – 4298 тг болған. Айтпақшы, Азия дағдарысы сап тиылады. Сосын жаһанда мұнай бағасы өсіп, баррелі 36 долларға жетті. Сөйткенде біз супергигант саналатын «Қашаған» мұнай кенішінің лентасын қиған ек.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты: 
2000 жылдан бастап бізде экономикалық өсім деген түсінік келді. Яғни бюджеттің профицит- дефициті дейміз. Яғни шығындардың кірістерден азаюы. 

Анығы хәл-ахуалдың өсуіне қара алтын тікелей сеп. Өйткені 2000-да ел экспортындағы мұнай көлемі 75 пайызға жеткенді. «ТеңізШевройл»-дың 5 проценттік акциясынан да 450 миллион доллардай пайда түсті. Бұл өсім 23-тамызда Ұлттық қордың құрылуына әкелді.

Жангелді Шымшықов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор: 
Ұлттық қор деген не? Ол біздің болашағымыз. Болашақ бала-шағамыздың табысы. Бүгінгі таңдағы табиғаттан түсетін қаржының бәрін жинақтауымыз керек. 

Қор - қарашаңырақ қазынасы я әлеуметтің әлеуеті әлсірегендегі әмияны. Тек қысылтаяң шақта қолданылады. Шикізатқа тәуелді болмау.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты: 
Чилидің өзі мысалы, кофеден шыққан түсімдерін, яғни бұл олардың стратегиялық тауары болып табылады. Сөйтіп олар қаражаттың бір бөлшегін ұлттық қорларына құйып отырды.

2000-да авантюрасымен есте қалған шенеунік Сүлейменов еді. Погон таққандарды сынамақ болған Ішкі істер министрі Сарыағаш асып, қарбыз тиеген Камазға өзі отырады. Жолда генералды танымаған сақшылар бас-аяғы 225 доллар көлемінде пара алады. «Қарбыз операциясынан» кейін 9 кеденші, 8 маи, 21 полицей қызметтен біржола кетеді.

Марат Тұяқбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог: 
70-ші жылдары тіпті оқуда жүргенде өзіміздің қасымызда жүрген қазақ балалары Түркістанның қайда екенін білмейтін. Түркіменстан ба деп шатастыратын. Әзірет-Сұлтанға қатты назар аудармайтын. 

2000-да Түркістанның 1500 жылдығын жаһандық деңгейде дүркіреттік. Алайда шаһар жасы кішірейтіліп көрсетті деген пікірлер сосын гу-гу есті. 1800 жыл дегендер болды. Дегенмен 2010-12-дегі қазба деректері қала тарихын тереңге тартты. Сөйткенде жасы 2 мың жылдан асқаны мәлім болды.

Досай Кенжетайұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор: 
9-10-11 ғасырларда бұл аймақтан 370 ғұлама шыққан. 370 академик деген сияқты ғой.Бұл бір сала бойынша.Біз мұны деректерден білеміз. Тізімде қалған. 

20 жастағы Бекзат 2000 жылы уәдесінде тұрды. 15-інде боксқа келіп, 5 жыл ішінде чемпион атанады.

Нұрлан Асқар,  тілші:
Бекзатта ертең финал. Түн жарымда 20-дағы чемпион Ермахан ағасына келеді. Кенет «Қызыл жейдеңіз бос па? Ертең қызыл бұрыштан шығамын» - дейді. – Саған үлкен емес пе? Десе... оны уайымдамаңыз, аға дейді де рингке киіп шығады.  Бекзаттың ырымдап жасағаны еді бұл. Сол ақтық мәредегі айқасуды мұқият қарасаңыз, Бекзат жейдесінің артқы бөлігі түйіліп тұр. Мұндай қылық ұлттық құрамның сол кезде жігерін шыңдаған еді деп еске алады.
Сейілхан Саттарханов, Бекзат Саттархановтың әкесі: 
 Бекзаттың өміріндегі ең соңғы раунды өте керемет жеңісімен аяқталды деп ойлаймын.

«Жыл спортшысын» иеленген Бекзат жаңа жылға 15 минут қалғанда, жол апатынан қаза табады. Сидней Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина секілді саңлақтардың есімін әйгілетті. Сонымен қоржында 3 алтын 4 күміс. Үкімет 2000-да алтынға 100, күміске 50, қола иеленге 30 мың доллар сыйақы табыстады.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Қазақстанның Туы 7 рет көтерілді. 3 рет Әнұран шырқалды. Бұл жас мемлекеттік даму жолында менімен қатар жасап жүрген жұмыстарыңыз деп есептеуге болады. 

2000-да тәуелсіз «Тарлан» премиясы тағайындалды. Меценаттар мұрындық болды. Сан саланың үздіктері алды. Жүлде қоры – 120 мың доллар еді. Философиясы ерек. 7 кәсіпкер 7 сала майталманын жыл сайын анықтап отыратын. Алайда премия 2009 жылы өмір сүруін тоқтатты.

Кіл қыздардан құралған «Рахат Лукум» дейтін топ 2000-да жарқ етеді. Ендігі қылымсыған, лыпа киген қыздар экраннан жиі көріне бастайды. Әнші біткен клип түсіретін болды. Шетел асып, бейнебаян түсіру модаға айналды.

Нұрлан Асқар, Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу