Сарыағаш ауданында сусыз қалған жүздеген гектар егістік қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданында сусыз қалған жүздеген гектар егістік қурап барады

24.05.2021

Ағын судың тапшылығынан Түркістан облысы Сарыағаш ауданы диқандарының 500 гектардай егіні мен бау бақшасы қурай бастады. Өйткені суармалы алқаптардағы гидранттардың әбден тозығы жеткен. Оның үстіне біраз бөлігі жекеменшікке сатылып кеткендіктен ағын суды саудаға салып, қожайындық ететін мекеме көп.

Қанаттың көктемнен бері тамырына нәр бармаған 10 гектар шабдалы бағы түгелдей қурап қалды. Ағаштардың басындағы шалажансар бірер бұтақ қана зорға көгеріп тұр. Енді бәрін түбімен қопарып алып тастағаннан басқа амал жоқ,-дейді шаруа.

Қанат Көбеев, шаруа:
Дәл қазіргі таңға мынаған 10 миллионнан астам ақша құйдық. Бұл баудың өзіне. Енді арқасында тұрған жерді айдатқанбыз. Оған ештеңе еккен жоқпыз. Бір дән тасталмады. Неге? Су жоқ.

Қанат Көбеев секілді 90-тарта шаруа қожалығының ерте көктемнен бергі тірлігі еш кеткелі тұр. Егістікке су жеткізетін гидранттардың дені жарамсыз. Пайдалану мерзімінің біткеніне 14 жыл болған. Гидранттарға бар болғаны секундына 350 литр су келеді. Бұл әдеттегіден үш есе аз.

Сейілхан Сәбденов, шаруа:
Міне еккенімізге 20 күн болды. Өзінің күшімен әр жерден ала-қотан болып шықты. Су болғанда кемі 80 пайыз шығар еді. Көріңіздер ананың бәрі сарғайып жатыр.

Шаруаны шарасыз күйге түсірген тағы бір мәселе- су тартатын екі мекеменің арасындағы текетірес. Ауданның аумағындағы канал мен арықтардың барлығы әкімдікке қарасты су шаруашылығы коммуналдық мекемесінің меншігінде. Ал судың басындағы құлақты бірнеше жыл бұрын қалталы кәсіпкер жекешелендіріп алған.

Нұрғали Арзықұлов, Сарыағаш ауданы су шаруашылығы МКК-ның бас инженері:
Жекеменшік мекеме қалаған кезде жабады, қалаған кезде ашады. Сотқа да бердік. Сотта да ұттық. Бірақ бүгінгі таңда ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ.

Трансшекаралық өзендер арқылы аймаққа су жеткізіп беріп отырған «Қазсушар» мекемесі кімнің құжаты дұрыс болса, сонымен келісім жасауға әзір.

Асқар Қыстаубаев, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
Бізден шығатын су мөлшерін транзиттік есебінде екеуінің арасында келісімшартқа тұратын болса, қарсылық болмаған жағдайда сол құбыр арқылы Сарыағаш су шаруашылығына беруге дайынбыз.

Ағын су егістікке келе қалғанның өзінде диқандар оған екі есе артық ақша төлеуге мәжбүр. Коммуналдық мекеме бір текше метрін 282 теңге, жеке кәсіпкер 290 теңге тарифтік баға белгілеп алған. Енді бірі құлақты ашқаны үшін, екіншісі каналды пайдаланғаны үшін шаруаны екі рет шығынға батырмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу