Қарағанды облысында ескі шахта үстіндегі ауыл тұрғындарын көшіру жұмысы аяқталғанмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ескі шахта үстіндегі ауыл тұрғындарын көшіру жұмысы аяқталғанмаған

26.05.2021

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласы маңындағы ескі шахта үстіндегі ауылдардың тұрғындарын көшіру жұмысы әлі аяқталған жоқ. Себебі өтемақыға көңілі толмаған кей отбасылар тапжылмай отыр. Ал кеніш орнында көп ұзамай ашық әдіспен мыс өндіріле бастамақ. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы ескі жұртта қалған тұрғындармен жолығып, тараптарды тыңдап келді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Бұл Жезқазған деп аталатын ескі кеншілер ауылы. Бір кездері мұнда 5 мыңға жуық тұрғын болды дегенге адам сенбейді. 2015 жылы астындағы шахтаның апатты жағдайда болғанына байланысты тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру қолға алынған болатын. Алайда мұнда әлі күнге отырған отбасылар бар. Себебі олар үй орнынан берілген өтемақыға наразы.

Сергиенколар отбасы осымен бірнеше ай бойы сусыз, жарықсыз отыр. Құбырды да, тоқ сымдарын да кесіп тастаған. Тіпті олардың үй жағына келетін жолды да қазып кеткен. Ал баспаналары сот шешімімен мемлекет меншігіне өтіпті. Тұрған жерінің аумағы үлкен, коттеджді тастап жанұя ешқайда кеткісі келмейді. Баспана 14 миллион теңгеге бағаланғанына үй иесі наразы.

Сергей Сергиенко, Жезқазған ауылының тұрғыны:
Үйіміз 100 шаршы метрге жуық. Мұндай типтес баспаналар Жезқазғанда 40-60 миллион теңге тұрады.

Кейбір тұрғындар үйін ғана емес, жеке кәсіпкерлік нысандарының да өтемақысын ала алмай жүр. Ұсынылған ақша өте аз,-дейді наубайхананың иесі Надежда Галушкина.

Надежда Галушкина, Жезқазған ауылының тұрғыны:
Наубайхана ғимаратын күл-талқан етті. Онда 30 түрлі нан-тоқаш өнімдерін пісіретінбіз. Ауыл ғана емес, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан да алатын. Барлық пештер, қондырғылар да ішінде қалды. Ендігі тоналып бітті. Полицияда 28 дана арызымыз жатыр.

Көшірілуі тиіс 5 ауылдың тұрғындарына деп Сәтбаев қаласында 214 коттедж бен жаңа ықшам ауданда 45 көпқабатты үй салынған. Осы күнге дейін 3 мыңнан астам отбасы жаңа қонысқа ие болған.

Дәуір Жүнісбеков, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:
Өтемақы мен баспана алуға келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алады. Бүгінгі таңда 17 отбасы қалды көшпеген. Оның 11 құжаттары рәсімделіп жатыр. Жақын уақытта көшірілетін болады. Ал қалған 6-мен келісім және сот процестері болады.

Бұл ауылдардың астындағы ескі шахтада мыстың 20 жылға дейін жететін қоры бар. Оны ашық әдіспен өндірмек.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу