СҚО-дағы бірнеше ауылда бір жарым айдан бері су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы бірнеше ауылда бір жарым айдан бері су жоқ

27.05.2021

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы бірнеше ауыл ауыз су тапшылығына тап болды. Аудан орталығы Пресновка елді мекенінде тіршілік нәрі кесте бойынша берілсе, Сәбит ауылында бір жарым айдан бері мүлдем су жоқ. Әріптесім Эльмира Кәленова тарқатсын.

Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылы тұрғындарының суды тасып ішіп отырғанына осымен екінші ай.

Нұртас Нұрахметов, Сәбит ауылының тұрғыны:
Фильтрдің түрі міне мынау. Мынадаймен жуады, қолмен. Саз іші. Ішінде қоңыз да жүреді, жәндік те жүреді. Балалардың денсаулығынан қорқасың, соны ішеміз де, жуынамыз да. Бір жарым ай болды, тоқтап қалды су. Көлден тасимыз.

Осы уақыт аралығында аудандағы жауаптылардың бірде-бірі елді мекенде төбе көрсетпепті. Су әкелінбеген. Амалсыздан тұрғындар тіршілік нәрін көршілес ауылдан тасып келген. Ал кеше жекеменшік құдық иелері өздеріне де жетпей жатқанын айтып, су бермей қойған. Өз ауласынан құдық қазып алайын десе, ол әрекеттерінен де түк шықпапты.

6 мыңдай тұрғыны бар аудан орталығы Пресновканың өзінде бір жарым айдан бері су кесте бойынша беріліп келеді.

Айгүл Гущева, Пресновка ауылының тұрғыны:
Су жоқ. Мынаны тасып ішіп жатырмыз. Сап-сары. Медицина қызметкері ретінде айтамын, су ешқандай санитарлық талаптарға сай келмейді.

Бұдан бөлек Майбалық ауылдық округіне қарайтын 5 елдімекенде 2 апта су болмаған. Қосылғанына 2 ақ күн. Ауданды тіршілік нәрімен қамтып отырған «Дания» серіктестігінің басшылығы су тапшылығы таяуда шешіле қоймайтынын айтты.

Бахытжан Кариев, «Дания» ЖШС директоры:
Кісілер флягамен алатын суды, қазір 1300 адам үйлеріне су қосып қойған. Проблема бітпейді, ол болады. 

Тұрғындар үйлеріне су құбырларын тарту үшін жауапты компанияға 1 млн теңгеге дейін ақы төлеген. Жергілікті жұрт жағдайды біле тұра, қосымша табыс үшін осындай қадамға барған мамандарды айыптайды. Көпшілік мәселе жуық арада шешілмесе, серіктестік басшылығының жұмыстан кетуін талап етпек.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу