Шаруалар арзандатылған дизель отынымен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар арзандатылған дизель отынымен қамтылды

28.05.2021

Мұнай өнімдері қымбаттаса да, шаруалар арзандатылған дизель отынымен қамтылды. Литрі 165 теңге. Бұл нарық бағасынан 14% – ға кем. Оның үстіне диқандар жаңа техникаларға қол жеткізді. Құрал-сайманы сай болғанның арқасында ел аумағында егіс науқаны сәтті жүріп жатыр. 17 млн-дай гектарға дән себілді. Тіпті былтырғыдан 1 жарым млн гектарға артық орындап отыр. Биыл әлеуметтік маңызы бар өнім алуға екпін берілді. Картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқабын кеңейту басты назарда. Ол үшін тұқымдардан тапшылық жоқ. 400 мың тонна минералды тыңайтқыштар да үлестірілген.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:
Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. Тұтастай алғанда, республика бойынша 2021 жылғы бес ай ішінде 140 млрд теңгеге жуық 8700 бірлік техника сатып алынды. Бұл Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға ықпал етеді.

Азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мақсатында форвордтық әдіспен 39 млрд теңгеге келісім орнатылған. Бұған 770 мың тонна тауар алынады. Яғни, нарық қалай құбылсада тауар өндірушілермен бастапқы мәміледе белгіленгендей сауда жасалады.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу