«Қаламқас» мұнай кен орнында ұңғыма жанып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаламқас» мұнай кен орнында ұңғыма жанып жатыр

25.03.2019
«Қаламқас» мұнай кен орнында ұңғыма жанып жатыр

«Қаламқас» мұнай кен орнында газ жанып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет айтты.

Оның дерегінше, 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-тың «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінен шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы туралы хабарлама түскен. Өрт аумағы 900 шаршы метрді құрайды.

«Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС және «Қаражамбас» ЖШС үкіметтік емесөрт сөндіру қызметтерінің 14 маманы мен 4 техникасы жұмылдырылған», - деді Нұрсұлтан Нұрахмет.

Айта кетейік, «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС жобалық тереңдігі 903 метрлік №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай орын алған еді.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу