Жемқорлық фактісі туралы ақпарат бергендерге 11 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі. Бұл сыйақы әрине берілген пара немес залал мөлшемірен тікелей байланысты. Егер азамат 3 миллион теңгенің парасы жайлы хабарласа, 300 мың теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Бұл қаржы бірден төленбейтінін ескертеміз. Сот үкімі шығып, заңды күшіне енген соң ғана беріледі.
Елордада жемқорлық фактісін хабарлаған 3 азамат марапатталды. Оларға төленетін сыйақының жалпы соммасы 612 мың теңге. Аты-жөндері әлбетте жасырын. Өйткені, хабарлаған азаматтың жеке дерегі мемлекеттік құпия.
Марат Хайруллин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы:
Егер, жемқорлық жайлы хабар берген азамат ақшалай сыйақыдан бас тартса, ондай азаматтарға алғыс хат беру де қарастырылған. Заңға сай, пара немесе залал сомасы 10 млн теңгеден асса, сыйақы сол сомманың 10% мөлшерінде төленеді. Ал, ең жоғары сыйақы 10 млн 600 мың теңге.
«Заң бұзылса – оны тергеу арнайы органның жұмысы деп, көз жұма саламыз. Ал, керісінше былықты хабарлап, қоғамды тазартқысы келетіндерді түрлі айдар тағып ұнатпайтындар да жоқ емес.
Серікгүл Сәли, психолог:
Бәленшенің баласын соттап жіберіпті. Ол қылмыс жасаған бала ғой. Айтып жіберген баланы айтады. Анау сатқын. Жазғыш. Тоқылдақ. Біз де сатқындық деген нәрсе жоғары тұрады. Өліп кетсең де сатпауың керек. Бұл менталитеттегі ерекшелік. Біздің ешқашан сатқын болмайтын қасиетіміз теріс жағынан қызмет етіп тұр.
Психолог «әр адам, өз ішіндегі жемқорды жеңуі тиіс»-дейді. Жеңіске жеткен күні, қоғамда әділдік орнап, адамдар бір-біріне жанашыр болады деген ой айтты. Ал, Брюссель тұрғыны Марк Ван Руф өз көршісін, салық органдарына ұстап берген. Ол өз қылығын, сатқындық емес, жанашырлық деп есептейді.
Марк Ван Руф, Брюссель қаласының тұрғыны:
Егер мен саясаткердің жемқорлыққа жол бергенін көрсем, бірден құзырлы органдарға хабарлар едім. Салық төлемейтіндерді де аямау керек. Айласын асырып, жылдар бойы салық төлеуден жалтарып келген кәсіпкер көршім жайлы салық мекемесіне хабарладым. Бұл сатқындық емес. Әділетсіздікке, заңсыз әрекеттерге қарсы күрес. Өз еліміздің мүддесі, қауіпсіздігі үшін тәртіпке бәріміз бағынуымыз керек.
Былтыр, елімізде 100-ге жуық адамға сыйақы төленді. Негізі бұл ақша табудың жолы емес. Түсінген адамға бұл ынталандырудың бір жолы. Жеткен елдерде азаматтық қоғам еш сыйақысыз кез келген заңсыздық жайлы хабарлайды. Қазір іске асып жатқан процестердің ар жағында азаматтық қоғам құрудың қазығы қағылып жатқанын ұғу қажет.
Ғабит Бөкенбай