Елордадағы жол апаты: Бір жолаушының аяғы ампутацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы жол апаты: Бір жолаушының аяғы ампутацияланды

27.03.2019

Елордада болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы кезінде автобустың ішінде қысылып қалған жолаушы әйелдің оң аяғы ампутацияланды. Бұл туралы бүгін қалалық №2 аурухананың бас дәрігері мәлімдеді. Иван Лидің айтуынша, науқастың сол аяғы да бірнеше жерден сынған, бірақ операция жасап, қалпына келтірген.

Күні кеше Қабанбай батыр даңғылы мен Ұлы дала көшесінің қиылысында үш бірдей қоғамдық көлік соқтығысқан. Салдарынан 303 бағыттағы автобустың жүргізушісі және бір жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. 30-дан астам жолаушы зардап шегіп, түрлі дене жарақатын алды. Құтқарушылар мына бір сәтте қысылып қалған жолаушыны сыртқа шығару үшін арнайы техника мен құрал-жадықтарды қолдануға мәжбүр болған. 1 сағаттың көлемінде аман-есен құтқарып, ауруханаға жеткізді.

Иван Ли, қалалық №2 аурухананың бас дәрігері:

- Бір науқастың аяғы ампутацияланды. Аяқтан, қолдан ауыр жарақат алған басқа науқастар да бар. Қолда бар озық теxнологияны пайдаланып, олардың қол-аяғын сақтап қалдық. Бізге түскен науқастардың жағдайы әртүрлі. Үш адамның ахуалы әлі де болса қиын. Қалғандары естерін жиып, тұрақты ем-дом қабылдауда.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу