Елордада көкөністер, оның ішінде картоп пен сәбіз күрт қымбаттап кетті. Қазір сұраныстағы тауарлардың бағасы әдеттен тыс шарықтап тұр. Оған не себеп? Тілшіміз базар аралап, саудагерлермен және тасымалдаушылармен тілдесіп қайтқан еді.
Бұл Елордадағы көкөніс өнімдерін ең арзан сататын базарлардың бірі. Бірақ, соның өзінде картоп пен сәбіздің құны аспандап тұр.
Абай Арыстанов, қала тұрғыны:
Сәбіз алдым, 320-дан. Картоп жаңасы 330-дан, ескісі 250 ғой дим. Былтыр 150-дің төңірегінде болған.
Саудагерлер, әрине, тасымалдаушылардан қымбатқа сатып алатынын айтты. Ал, жүк тасушылардың сөзінше, бағаның көтерілуіне себеп көп. Соның бірі - жанармайдың қымбаттауы.
Дархан Амангелді, тауар тасымалдаушы:
Сәләркі осы қыс айында 170 теңге болды, қазір болса 193 теңге боп тұр.
Нұрсұлтан Айқожа, тауар тасымалдаушы:
Картошкаға тапшылық бар. Өйткені, Өзбекстанға экспортқа 60 проценті кетеді.
Қалалық әкімдік өкілдері бұл маусымдық құбылыс, -дейді. Ол шілдеге дейін жалғасуы мүмкін. Бір қызығы, картоп әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың тізіміне енгенімен, оған шекті баға бекітілмеген.
Арайлым Серікбаева, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы:
Оңтүстік өңірлерден көкөніс өнімдері келгеннен кейін көкөністердің бағасы төмендей бастайды. Қазіргі таңда картоп Қырғызстаннан, Египеттен әкелініп жатыр. Сәбіз Өзбекстаннан әкеліп жатыр.
Жауаптылар картоп тапшылығы болмайды,- деп отыр. Өйткені, осы мақсатта құрылған тұрақтандыру қоры қазір айналым механизмі арқылы жұмыс істеп жатыр. Яғни, фермерлермен тікелей келісім жасалып, тауарлар дер кезінде жеткізілуде. Сол үшін бюджеттен былтыр 4 жарым миллиард теңге бөлінсе, биыл 1 миллиард теңге қарастырылған.
Амангелді Сейітхан