Қымбат Досжан: Балалардың атына ашылған есепшот апта бойы ашық тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қымбат Досжан: Балалардың атына ашылған есепшот апта бойы ашық тұрады

01.06.2021

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Айналайын» қайырымдылық телерадиомарафонын ұйымдастырды. Күні бойы тікелей эфирде көрермен назарына ұсынылған бағдарлама денсаулығына байланысты көмекке мұқтаж 4 балаға қолдау танытуды көздейді.

Альарназдың қатерлі дертпен күресіп келе жатқанына 4 жыл. Ісіктің салдарынан бір бүйрегін алып тастаған. Химиялық терапияның 18 курсы мен 6 сәулелі терапия жасалды. Ем-домына жыл сайын 7 млн теңгедей қаражат жұмсалады. Енді екі жыл Кореяда ем алса қатерлі дерттен айығуға үміті бар.

Гүлайым Әбдірахманова, Альарназ Әбдікәрімнің анасы: 
 Альарназ биыл алғашқы қоңырауын көре алмайды. Бірақ соңғы қоңырауына қатысып, есейіп, үйленіп, үй болып кеткенін қалаймын.

Ал Әмірге бір емес, бірнеше диагноз қойылған. Ауыр жүрек ақауы, өкпенің тамыры қысылған, Эпилепсиясы бар. Тамақ іше алмайды. Сөйлемейді. Ойлау қабілеті төмен. Оңалтуға көп қаражат қажет.

Асылай Бадакова, Әмір Бадаковтың анасы: 
Баланың көп диагнозы бар. Жүрек, өкпесі бар. Бала сөйлемейді. Өзінің не істеп жатқанын білмейді.

Сүйкімді қыз Әлима сырға тағып, сәнденгенді жақсы көреді. Әттең, тағдыр сынағымен бір құлағы кем боп туғандықтан естімейді. Ерке қыздың ел қатарлы өмір сүруі үшін 13 млн-дай қаражат керек. Ал Батыр есімді мына бүлдіршін ақ қан дертімен ауырып Түркияда ем алып жатыр. Дертінің дауасы - жілік майының трансплантациясы.

Қымбат Досжан, «Айналайын» телерадиомарафонының жүргізушісі: 
Білесіз бе, жерде бір бала қуанса көкте мың періште шаттанады дейді. Шаттандырайықшы, көрермен. Тек бүгін емес, есепшот апта бойы ашық болады. Сондықтан қолдау танытайық ағайын.

Көрермендер 4 баланың ауыр дертін назардан тыс қалдырған жоқ. Осы уақытқа дейін студияға келгендер де, скайп және телефон шалу арқылы да көптеген азамат жомарттық танытты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, өнер адамдары, дін өкілдері, кәсіпкерлер тіпті қомақты қаражат аударып, аты-жөнін жасырған мәрт жандар да жетерлік. 

Осы уақытқа дейін 4 балаға жиналған қаражаттың жалпы сомасы 7 млн теңгеден асты. Бұл арнада көрсетілген алғашқы шара емес. Бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылып, дертіне дәру іздеген жандарға қолдау көрсетілген еді. Ұлттық арна ұйытқы болған қайырымдылық керуені мұнымен тоқтамайды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу