Солтүстік Қазақстан облысына барған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері өңірдегі қоғам белсенділері, ауыл әкімдері, жергілікті халық, ғалымдар және студенттермен кездесті.
Теріскейдегі елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, ішкі және сыртқы көші-қон. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесуде осы және басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Президент бастамаларын жүзеге асыру барысы да назардан тыс қалмады.
Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы:
Ұлттық кеңестің аясындағы бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 15 заң қабылданды. Тек қана осындай үлкен республикалық маңызы бар мәселелермен шектелмей, аймақтық маңызы бар мәселелермен де шұғылданғымыз келді.
Кеңес мүшелері Қызылжар және Мамлют аудандарында болып, ауыл әкімдерін сайлауға дайындық барысын пысықтады.
Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры:
Кемшіліктер іздеу емес, біздің ойымыз түрлі саладағы елімізде іске асып жатқан жобалардың аймақта, елді мекендерде қалай іске асып жатқандығын көру.
Сондай жобалардың бірі Петерфельд ауылындағы «Қызылжар-Абай» орта мектебі. Нысан елімізде сенімгерлік басқаруға берілген алғашқы ауылдық мектеп.
Бауыржан Төленов, «Қызылжар Абай» орта мектебінің директоры:
Техникалық база жағынан нығайтылып, кеңжолақты интернет қосылды. Физика, химия, биология зертханалары әкелінді. Оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатыр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері «Еңбек» бағдарламасына қатысушылармен де кездесті. Жыл басынан бері 500-ден аса адам қоныс аударса, биыл тағы 700 отбасын көшіру жоспарланып отыр.
Эльмира Кәленова