Еуропада 12-15 жастағы балаларға вакцина салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада 12-15 жастағы балаларға вакцина салынады

02.06.2021

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың «Sinovac» вакцинасын шұғыл түрде қолдануды ұсынды. Сақталуы, тасымалдануы жеңіл препарат енді «COVAX» жүйесі бойынша екпеге зәру мемлекеттерге жіберіледі. Ал, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін Еуропалық комиссия 12 мен 15 жастағы балаларға Бионтек-Пфайзер вакцинасын салуды бекітті. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Еуропа елдері 12-ден 15 жасқа дейінгі балаларға екпе салуды бастады ма?

Нұрсұлу Қасым, тілші: 
12 мен 15 жастағы балаларға екпе салу әлі басталған жоқ. Алғашқылардың бірі болып Германия 7 маусымда бастамақ. Дәрі-дәрмек жөніндегі еуропалық агенттік пен Еуропалық комиссия Бионтек/Пфайзер препаратын бекіткенімен Одаққа мүше 27 мемлекет өздері шешім қабылдауға құқылы. Бионтек/Пфайзерді өткен аптадан бері Венгрия 16 мен 18 жастағы жасөспірімдерге салып жатыр. Балалардан бөлек, Бельгияда осы бейсенбіде екіқабат әйелдерге де екпе салу науқаны қызбақ. Өзінің және іштегі сәбиінің қауіпсіздігі үшін аяғы ауыр әйелдер вакцина салдыртқаны дұрыс-дейді дәрігерлер.
Бүгінге дейін Еуродақтың 450 млн халқының 41 пайызы екпенің алғашқы дозасын, ал 19 пайызы толықтай екпе алған. Қарттар, медицина мамандары, тәуекел тобындағы азаматтар вакцинамен қамтылған соң, қазір қарт құрлықта 18 жастан асқандарға екпе салдыртуға рұқсат етілді. Осы аптада футболдан Франция, Бельгия ұлттық құрамаларының ойыншылары да екпе алды. Франция президенті Эммануэль Макрон жары Брижитпен бірге вакцина салдыртқанын Твиттерге жариялап, өзгелерді де тезірек екпе алуға шақырды. Жалпы, Еуроодақ елдерінде эпидахуал жақсарды. Сондықтан, шектеулер алынып тасталуда.

 Нұрсұлу Қасым 

Хабарламаларға жазылу