Тікұшақ апаты: Опат болғандардың денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тікұшақ апаты: Опат болғандардың денесі табылды

28.03.2019

Тікұшақ апатында қаза таптқандардың барлығының денесі табылды. Арнайы комиссия оқиға орнында әлі жұмыс істеп жатыр. Бүгін түс ауа апат болған аумаққа Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барды. Қызылорда облысындағы тілшіміз Ақерке Берікбекқызы жағдайды баяндайды.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

МИ-8 тікұшағы Жалағаш ауданы аумағына құлады. Тікұшақ толықтай өртенген. Сондықтан, бортта болған 13 адамның денесін табу оңайға түскен жоқ.  Кеше түннен бері бұл жерде арнайы құрылымдар іздестіру жұмыстарын жүргізді.   Ауа райы да  өте қолайсыз болып тұр, кешеден бері  толассыз жаңбыр жауды, қатты жел, айнала батпақ.

Бұл видео кешеден бері әлеуметтік желілелерде тарап жатыр.  Оқиға кешкі 18:00-лар шамасында болды. Жергілікті өрт сөндіру, төтенше жағдай, жедел жәрдем қызметтері апат орнына дер кезінде жетті. 

Олжас Искаков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Сағат 17:42-де алғашқы шақырту берілді.  18:02 алғашқы жедел жәрдем бригадасы осы жерге жетті. 4 жалпы жедел жәрдем бригадалары осы уақытта осы жерде қызмет жасады.

4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкенте бағыт алған. Алайда,  әскери қызметшілер     мақсатты  жерге жете алмады. Қазір оқиға орны толықтай қоршалған. Апат орнына ешкімді  жібермейді.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен арнайы құрылған комиссия  сол жерде  кеше түннен бері жұмыс істеп жатыр. Ал бүгін министр оқиға орнына  өзі  де келді. Жағдаймен танысты.

Авиациялық апаттың себептері толық анықталғанға дейін бір типті тікұшақтардың   ұшуларын тоқтатуды, сондай-ақ, «Алтын жебе» оқу-жаттығуы барысында осы тікұшақ типтерінің қолданылуын топшылайтын іс-қимылдарды тоқтатуды, авиациялық апатты жан-жақты әрі дәйекті тергеп-тексеруді ұйымдастыру мен өткізуді, ұшуды қамтамасыз етуге қатысқан барлық қызметтер мен лауазымды адамдардың іс-қимылдарынабаға беруді, авиациялық апатқа әкеп соқтырған барлық жағдайды анықтауды тапсырды.

Нұрлан Ермекбаев,  ҚР Қорғаныс министрі:

Болашақта осындай оқиғаларға жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Қорғаныс министрлігінің ұжымы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан әскери қызметшілер өзінің әскери борышын адал орындады. 

Қаза тапқан әскери қызметшілердің туысқандары мен жақындарына тиісті  психологиялық, материалдық көмек көрсетіледі. Ал оқиға орнында қорғаныс министрлігінің арнайы құрылған комиссиясы өз жұмысын жалғастыруда.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу