Коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебе беріледі. Ал, демалысқа шығуды жоспарлап жүргендер «Covid-сыз саяхат» қосымшасы арқылы шет елдерге шыға алады. Осы және өзге де бірқатар жаңалықтарды бүгін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.
Келесі аптада 1 млн-нан астам қазақстандық «жасыл» статусқа ие болады. Олар – вакцина алғандар. «Ашық» қосымшасына осындай тың қызмет қосылды. Ал, «Ашықтың» өзі eGov mobile-ге және банк қосымшаларына енгізілді. Бағдарламаны енді арнайы жүктеудің қажеті жоқ.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Kaspi.kz қосымшасына да оның қызметін енгіздік. Қазіргі таңда қолжетімді. Халық банкімен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қосымшасында да іске асыратын боламыз.
Елімізде 10 мыңға жуық кәсіпорын «Ашықпен» көпке есігін ашқан. Күніне жүз мыңдаған адам қалаған жеріне кіріп-шығып жүр. Тіпті, қазақстандықтар енді, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерге еркін қатынай алады. Оған «Ковидсіз саяхат» қосымшасы көмек болмақ.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Келесі аптадан бастап қазақстандықтар аталған қосымшаны жүктеп Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерге шыға алады. Коронавирусқа қарсы вакцина алғандар және ПТР-тест тапсырғандар базаға тіркелді. Бұл қосымша қазірдің өзінде Ресей, Армения және Беларусь елдерінде қолданылып жүр.
Елімізде салынып жатқан вакцинаны халықаралық деңгейде мойындау мәселесі шешіліп жатыр. Біздегі қосымшада жиналған деректер әлемдік стандартқа сай реттелген. Бағдат Мусин интернет мәселесіне де, тоқталды. Оның сөзінше, шалғайдағы ауыл-аймаққа, туристер баратын орындарға ұялы байланыс орнату қиын жұмыс емес, тек, қыруар қаржы керек. 2023 жылға дейін 600 шағын ауылды заманауи игілікке қол жеткізу жоспары бар.
Армангүл Тоқтамұрат