Қызылордадағы тікұшақ апаты. Марқұмдардың денесі мәйітханаға жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы тікұшақ апаты. Марқұмдардың денесі мәйітханаға жеткізілді

29.03.2019

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында құлаған тікұшақ апатына техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Комиссия нақты шешім шығарған жоқ, бірақ мамандардың алдын ала болжамы осындай. Бүгін қаза тапқандардың денелері мәйітханаға жеткізілді. Ертең мүрделері Қызылорданың Қорқыт ата әуежайынан туған жерлеріне жөнелтіледі.

Әскери тікұшақтың құлау себебін мемлекеттік комиссия анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, апат техникалық ақаудан болуы мүмкін. Негізі бұл МИ-8 тікұшағы зауыттан 1985 жылы шыққан. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ал, ұшқыштар - әбден дайындықтан өткен мамандар.

Дәурен Қосанов, Әскери әуе күштерінің қолбасшысы:

- Менің өзімнің жеке пікірім, кәсіби ұшқыш ретіндегі ойым, авиациялық техника ұшып келе жатып, істен шыққан. Онымен қабаттаса өрт тұтанған. Оны баяндауға және экипаж мүшелерінің бір-бірімен сөйлесуге мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені 2 шақырым 100 метр биіктен құлау небәрі 40 секундта болады. Ол уақытта ештеңе істеп үлгермейді. Және ол маңда шаруашылық болды, соның үстіне құламас үшін ұшқыш тікұшақты тек басқа жаққа бағыттап үлгерген болуы мүмкін. Апат орнындағы тікұшақтың қалдықтарына қарап мен соны байқадым.

Сот сараптамасы мамандарының айтуынша, қаза тапқандардың денелері бөлшектеніп кеткен, сондықтан әр адамның денесін түгендеп, құрастыру оңай болмаған. Мәйіттерді тану үшін шейіт болғандардың туыстары, әріптестері келді. Бірақ барлығын танып-білу мүмкін емес. Әзірге тек 10 мәйіт зерттеп-зерделеніп, аты-жөндері анықталды.

Рақымжан Әліп, Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары:

- Бір мәйітті туыстары танып, қазір жөнелту жұмыстары ұйымдастырылуда. Ал, қалған мәйіттерді ертең таңертең әскери басшылар өздері ұшақпен жеткізуді жоспарлап отыр.

Өзге үш тікұшақтың экипаж мүшелеріне, инженерлік-техникалық құрамға психологиялық және моральдік көмек көрсетілуде. Ал, «қара жәшік» әлі іздестіріліп жатыр.

Жәнібек Жұмашев, № 30153 әскери бөлімінің командирі:

 - «Қара жәшікті» іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Мемлекеттік комиссия жұмысы жалғасуда. Ал, қаза тапқандардың денесі ертең туған-туыстарына жеткізіледі.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу