Мал қырылып жатыр деген ақпар осы аптада дүңк-дүңк етіп, бірнеше облыстан тарады. Маңғыстау облысында түсірілген мына сурет жағдайдың қандай екенін бейнелейтін символ-фото болды.
Бердімұрат Төрекенов есімді азамат фейсбук әлеуметтік желісінде малдың да, малдың иелерінің де қиналып жатқанын қаз-қалпында баяндаған. Жан түршігерлік жазбалар. Сонымен бірге ат бапкері, «жаратқан бәйге аттары халықаралық дәрежедегі жүлделі додаларда орын алып, Еуропаға Адай жылқысын танытып жүрген ауылдасымыз Бұғабай Мықырбаевтың өтінішін жеткізгелі отырмын» деген. Сөйтіп өтініш иесінің сөзін келтіреді: Жергілікті әкімшіліктен кеп жағдайымызды көрсе, қыр жеріне орналастыруға басқалай мүмкіншілігі болмаса, көрші облыстан жер берсе барар ем... Бірнеше жылдан бері маңдай термен тапқан адал малымызды қалайша қарап отырып өлтіріп аламыз.
Ситуацияға сай ақпараттарды таразылай келе, құдық аз екенін түсінесің. Құдыққа да талас бар.
Сонымен еліміздің бірнеше аймағында қуаңшылық – малға қараған азаматтарды уайым жеп барады. Қырылған малға да жаның ашиды. -Биыл қар аз түсті, көктем жаңбырсыз болды. Содан қуаңшылық, дейді атқарушы билік. Ал солай болатынын болжап, алдын-ала қам жасауға болмас па еді?
Арал өңірінде де жағдай сол екен. Онсыз да шөлді аймақта тұратын адамдардың азабы аз емес. Әділбек Серікұлының материалы.
Арал. Экологиялық апат аумағының ахуалы бүгінде елді қатты алаңдатып отыр. Сырдариясы тартылып, көлдері кеуіп кетудің алдында тұрған аралдықтарды енді қуаңшылық бүйірден қысты. Биыл қыс, көктемде ылғал түспегендіктен жайылымдық жерлер көгермеді. Сондықтан, сор басқан далада азық таппаған мал көтерем болып, аштықтан қырылуда.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Көктемде көкке аузы тимей әлсіреген төрт-түлік мынадай су айдындарына су ішуге келіп, батпаққа батып, арам өлім жатыр. Жалпы ауданда 500-дейі ірі мал қуаңшылықтан қырылып қалған. Тіпті, ветеринарлар малдың өлекселерін жинап үлгермей жатыр.
Әсіресе, Сыр беткейдегі сегіз ауылдық округте жағдай өте қиын. Соның бірі, Аманөткел елді мекені. Мұндағы жұрттың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы. Шаруалардың жиған жем-шөбі қыс біткенде-ақ таусылған. Ал жайылымдағы төрт-түліктің сирағы сыдыйып, қабырғасы состиып әзер аяққа тұр. Алдағы уақытта «мал азығынан көмек болмаса, барымыздан айрыламыз» дейді қиналған жұрт.
Қайырбол Қайырбергенов, шаруа:
20-30 мал шығын болды. Аузына тиетін шөп жоқ. Осы тұрғанда шаңдағы шығып жатыр жердің. Карл Маркс, Жаңақұрылыстан келіп сататын еді оларға да шөп шықпай қалған. Енді сол шөптен көмектессе, жем болса да керек.
Бұрын Қамбаш, Ақшатау көлдер жүйесінің айналасы малға жайлы, шаруаға қолайлы жер еді. Үлкен айдындарға соңғы жылдары Сырдариядан тамшы су құйылған жоқ. Жағалауы ауылдан әлдеқайда алыстап кеткен. Биылғы құрғашылық мал ұстаған жандар үшін «жығылғанға жұдырық» болды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Қуаңшылықтан әбден тарыққан шаруалар жайлаудағы тамын бұзып, малын алып үдере көшіп кеткен. Өйткені, мына жапан далада түрт-түлік жейтін азық жоқ қазір.
Молдаш Сегізбаев, ауыл тұрғыны:
Әппақ қу дала. Мынау тұрған жыңғыл оны мал жемейді. Қырдан жейтін дымы жоқ. Сосын көрініп тұрған судағы шөпке барады да сол жерде батып өледі мал. Анау жерде бір шаруа қожалығы отыр еді. Сол шаруашылығын тастап, көшейін деп жатыр. Мына жерде шаруа бар еді ол әлдеқашан көшіп кетті. Өйткені, мал ұстайтын жер жоқ. Шөп жоқ, су жоқ.
Мамандар есебі бойынша, ауданда 159 бас сиыр, 321 жылқы, бір түйе шығын болған. Бұл тек, таңбаланған малдың саны. Шарасыз шаруалар қып-қызыл шығынға батып, қайдан көмек сұрарын білмей отыр. Өйткені, малшыларға мемлекеттен өтемақы төленбейтіні айтылған. Ал аптап ыстық әлі алда. Әзірге, жергілікті билік төмен бағада жем-шөппен қамту мәселесін шешуге кірісті.
Маңғыстау жұрты да елге келген қуаңшылықтың зардабын тартып отыр. Биыл өңірде төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпаған. Соның салдарынан, 3 айда ірілі-ұсақты 1400 бас мал аштықтан қырылды. Тақыр жерде төрт-түлік ұстау әсіресе ірі шаруашылықтар үшін өте қиынға соғып отыр. Шаруалар бұрын жылқыларын қыста ғана жемдесе енді жыл 12 ай бойы жем-шөп беруге мәжбүр. Себебі, далада көк жоқ. Ал, сырттан тасымалданатын жем-шөптің бағасы тіптен шарықтап кеткен.
Қарубай Алагөзов, шаруа қожалығының директоры:
Күзден бастап жемдедік, жемінің өзіне 9 млн-ның үстінде ақша кетті. Төлдегенен кейін бұрын мысалы сәуір, мамырда жем бермейтін едік жерде көк болатын еді, осы жыл көк те болмай қалды. 12 ай жемдейтін болсақ, 9 млн емес 18 миллион ақша болайын деп тұр.
Далалық жерлердегі суаттардың тартылуы да жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Қазірдің өзінде, қуаңшылықтан жылқының 15 пайызы, қойдың 14 ал, түйенің 4 пайызы шығын болды. Ал былтыр 5 мың мал қырылған. Енді қалғанын аман алып қалу үшін, бітелген құдықтардың көзін ашу керек. Оған қоса, Үкімет мал азығына, сүтке және етке субсидия берілсе дейді шаруалар.
Қуаныш Төретаев, шаруа:
Жетібайдың басындағы водокачкіден сатып алып суарып отырмын. Ол бір 50 қой, 100 қой емес, ол дейтін мың жарым бас қой. 200-ге жуық жылқы, 50-60 түйе.
Көзкөрген малшылар қуаңшылықты елге келген «жұт» деп бағалап отыр. Сондықтан, олар төтенше жағдай жариялауды сұрауда. Әзірге, жем-шөп сатып алу үшін облыстық бюджеттен - 117 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жақын арада көршілес облыстардан мал азығы әкелінеді. Ал Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы Қызылорда мен Маңғыстауда қалыптасқан жағдайды бағамдап, тиісті шешім қабылдамақ.
Еркебұлан Ахметов, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры:
Маңғыстау және Қызылорда облысындағы екі ауданында қуаңшылық жағдайы байқалып отыр. Министрлік тарапынан «Азық-түлік корпорациясы» АҚ форвордық сатып алу есебінен қордан арнайы арпа бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз. Оны қазіргі уақытта жеткізу жолдары, тарифтерді есептеу мәселелері қаралып жатыр.
Жері шұрайлы деген Шымкент қаласы мен Түркістан облысында да жағдай мәз емес. Қуаңшылықтан аймақтың оңтүстік аудандарында жаз басталмай жатып-ақ шөптер қурап, төрт түліктің аузы көкке жарымай қалды. Ал, жоңышқаның бағасы бірден 2,5 есеге қымбаттап кеткен.
Азамат Төлепбаев, сатушы:
Былтыр 400-ден басталған ғой. Бірінші орым. Қазір 750 болды. Күніне 50 теңге қосып жіберіп жатыр. Талас болып жатыр ғой жоңышқаға.
Шымкенттегі мал базар соңғы күндері лық толы. Амалы таусылғандар ірі қарасы мен жылқыларын жаппай сатуға шығарған. Бірақ, мал тым арзанға бағалануда. Егер, жем-шөптің бағасы тұрақтамаса төрт-түлігімізді түгел сатуға тура келеді дейді ашынған шаруалар.
Нұрсұлтан Серікбаев, Қалғансыр ауылының тұрғыны:
Шөпті көрші ауылдардан, Сырдарияның арғы бетінен, Восход елді мекені, 50 жылдық, Көксу, совхоз Шардарадан тасып жатырмыз. Басында жоңышқа 650-700 болып жатыр. Келем дегенше артуы бар, бензин пұлы бар, мыңнан келіп жатыр.
Бүгінде төрт-түлігіне азық таппай, алаңдаған ауылдағы ағайын әлі де мемлекеттен пәрменді күмек күтеді. Елге келген қуаңшылықтан қорасындағы жиған малынан айрылса, шаруалардың ертеңі не болмақ.
Әділбек Серікұлы, Аягөз Оралбай