Қуаңшылықтың зардабан тартқан өңірлерге шөп жеткізіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуаңшылықтың зардабан тартқан өңірлерге шөп жеткізіле бастады

07.06.2021

Елімізде қуаңшылықтың зардабын тартып отырған өңірлерге мал азығы жеткізіле бастады. Аралда жәрмеңке ұйымдастырылып, 200 тонна жем-шөп сатылды. Әзірге ел аумағында қуаңшылықтың салдарынан қанша малдың қырылғаны белгісіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы екі аптада шығын көлемі анықталатынын айтып отыр.

Сырдың оңтүстігінен шөп тасыған көліктер Аралдың Қамыстыбас, Аманөткел елді мекендеріне барды. Жәрмеңкеде жоңышқаның бір бумасы мың теңгегеден саудаланды. Баға қалтаға ауыр тисе де ауылдағы ағайын бар қаржысына мал азығын сатып алды. Жалпы аудандағы төрт-түлікке барлығы 7500 тоннадай жем-шөп қажет. Әзірге, 200 тоннасы жетті. Қуаңшылық кезінде қиындыққа тап болған аралдық шаруаларға қол ұшын созғандар да бар.

Бақытжан Сәрсенов, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:
Сырдария ауданынан 9 кузов жоңышқа шөбін әкеп отырмыз. Жоңышқаның бағасы 1100-ден беріп жатырмыз. Базар бағасы 1250 екен Аралда. Халық жақсы алып, ризашылығын білдіріп жатыр.

Маңғыстау облысында қуаңшылық салдарынан 536 бас жылқы өлген. Әлі 26 мың бас ірі қара мен 123 мың жылқыға 85 мың түйеге азық керек. Министрлік өкілдері келесі аптада өңірге көмек жетеді деп сендірді.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:
Қазіргі уақытта Каспий әлеуметтік корпорациясы арқылы 204 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға жем-шөп сатып аламыз. Азық түлік келісім шарт корпорациясы 54 млн теңгеге 630 тонна арпа алады. Қазір рәміделіп жатыр құжаттары.

Оған дейін маңғыстаулық шаруаларға өз беттерінше амалдауға тура келеді. Бұдан өзге Ақтөбе облысымен келісілген 2200 тонна шөп осы айдың аяғына таман жеткізіледі. Көрші өңірден мал азығын әкелуге облыстық бюджеттен 117 миллион теңге бөлінген.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу