Түркістан облысындағы Келес пен Сарыағаш аудандарындағы 20 елдімекенге 5 жыл бұрын газ құбырлар тартылған. Алайда мұндағы жұрт әлі күнге көгілдір отынды күтумен отыр. Салдарынан көшедегі газ жәшіктерінен есептегіш құралдары ұрланып, құбырлар да тозып барады. Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.
Бұл Келес ауданына қарасты Біртілек ауылындағы жағдай. Елдімекенге құбыр тартқызғанда әрбір үйдің иесі 90 мың теңгеден төлеген. Содан бері бес жыл өтсе де, газдың берілетін түрі жоқ. Мұндағы жұрт қазір пешке тамақ пісіріп отыр. Газ баллоны қымбат,1600-теңгеге толтырады. Ал, көшедегі құбырлар болса шетінен қирап, 120-дан аса есептегіш құралы ұрланып кеткен.
Әзімхан Айқожаев, Біртілек ауылының тұрғыны:
Келесі жылы болады дейді, әне болады міне боладымен келіп жатыр қазір үш жылдан асты.
Асылбай Байболатов, Біртілек ауылының тұрғыны:
Бір айда екі газ баллон жағамыз, енді ойлай берсін қанша шығынға түсіп жатырмыз. Халық шуылдап, не деп, не дерімізді білмей қалдық қой енді. Арғыжақтағыларға айтса, боп қаладымен бес жыл өтті.
Сала мамандары шаруаның жүзеге аспай жатқанын Таскескен газ тарату стансасы іске қосылмай отырғандығымен түсіндіреді. Оның салынғанына сегіз жылға жуықтаса да, әлі күнге қабылданбаған. Себебі, тартылған құбырларда ақау көп.
Асқар Тұрғанбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
Эксплуатация жасайтын Интергаз деген орталық бар. Солар көп кемшіліктер берген. Соны осы жылға дейін аудан әкімдіктері, мердігер мекемелер бар, барлығы жұмылдырылып, кемшіліктер орындалған.
Мамандар алдағы шілде-тамыз айларына қарай газ беріледі деп сендірді. Алайда газ таратушы Қазтрансгаз мекемесінің өкілдері құбырларды әлі қабылдап алмаған.
Айнұр Ақбаева