Республикалық маңызы бар жолдарды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республикалық маңызы бар жолдарды су басты

02.04.2019

Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл мен Қаратал ауылының арасындағы жолды су шайып кетті. Байланыс үзіліп, өміріне қауып төнген қараталдықтарды тікұшақпен қауіпсіз жерге жеткізді. Сондай-ақ, Береке ауылында электр бағандары құлап, 200-ден астам тұрғын жарықсыз отыр. Бұған қоса, Ғабит Мүсірепов ауданында су деңгейі көтеріліп, республикалық маңызы бар жолдарды су басқан.

Бұл - Қулыкөл ауылындағы жағдай. Тұрғындар төтенше жағдайлар қызметі мен бірігіп, бөгендер тұрғызып жатыр. Жылда қайталанатын жағдай болғандықтан, судың жолын біледі. Бірақ үрей де жоқ емес, сондықтан қамданып жүр.

Еркебұлан Әшім, Қулыкөл ауылының тұрғыны:

- Осы жағдай жылда қайталанады. Түні бойы басында жүрдік ұйықтаған жоқпыз. Осы жерді күзеттік. Ауыл тұрғындары көмектісіп жатыр.

Ал Қараталдағы жағдай мүлдем басқаша. Ауыл түгел судың қоршауында қалған. Амалсыз, қарттар мен балаларды, әйелдерді тікұшақпен қауіпсіз жерге жеткізді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың басшылығымен құрылған арнайы штаб мүшелері суға бөгет қою, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Басқа аймақтардан да құтқарушылар келіп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Тиісті органдармен бірігіп, барлық қажет ететін шараларды қабылдап жатырмыз. Екі ауылдың тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. 

Бүгін өңірдегі оңтүстік аудандарда қауіп сейілмей тұр. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың 90 учаскесін су басу қаупі бар, әсіресе Есіл өзенінен. Сергеев су қоймасы әзірге толған жоқ, мұз жарылып, сең жүрген соң, жағаға жақын орналасқан ауылдарды су басуы мүмкін. Олардың арасында облыс орталығынан шеткері аумақтары да бар.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу