Алматыда «Мен сені сүйемін, өмір» атты қайырымдылық концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Мен сені сүйемін, өмір» атты қайырымдылық концерті өтті

09.06.2021
Алматыда «Мен сені сүйемін, өмір» атты қайырымдылық концерті өтті

Алматыда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония залында күйші Бекзат Мұстафаевтың «Мен сені сүйемін, өмір» атты концерті өтті.

Шараның ұйымдастырылуына Мәдениет және спорт, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері ұйытқы болды.

Сондай-ақ концерттің өтуіне сала министрлерімен қатар, «Қазақстан» РТРК» АҚ, Жамбыл атындағы филармония ұжымы мен «Отырар сазы» фольклорлық оркестрі, сонымен қатар жекелеген опера әншілері мен жыршы-термешілер қолдау көрсетті.


Айта кетейік, Бекзат Мұстафаев 2014 жылдан бері ауыр дертке шалдығып, екі бүйрегі істемей қалған. Аптасына 3 рет гемодиализ алып, жас өмірін жанкешті күреспен жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта Беларусь еліндегі бүйрек трасплантациясын жасайтын клиникамен келіссөз жүргізіліп жатыр.

«Cол елдегі отаға қажетті қаражат жинау үстіндемін. Менің осы дерттен құлан-таза айығып кетуіме рухани-материалдық көмек көрсеткен барша қайырымды жандарға, күллі қазақ еліне шексіз алғысымды білдіремін. Ота сәтті өтіп, науқасымнан жазылып шықсам, өзімнің сүйікті мамандығым - ұстаздық жолымды жалғастырып еңбек еткім келеді. Шәкірттеріме қазақтың қазыналы күй өнерін үйрете отырып, дәстүрлі ұлттық өнерімізді дамытуға, көркейтуге үлесімді қоссам деген арманым бар», - дейді Бекзат Мұстафаев.

Еске сала кетейік, концерттің телевизиялық нұсқасы «Аbai TV» арнасынан көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу