Қостанайда 61 жастағы азаматтың көлігінен 80 келі есірткі табылды. Бұл қылмыс «Қарасора 2021» операциясы барысында ашылды. Полицейлер «ВАЗ-2109» көлігін тоқтатып, салонның артқы орындығынан екі полиэтиленді қапқа оранған өсімдік тектес затты тәркілеген. Арнайы сараптама оның марихуана екенін көрсетіп берді. Салмағы сексен келі тартатын бұл есірткі қара нарықта сегіз миллион теңге тұрады. Ұсталған күдікті Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны боп шықты. Ол марихуананы сатып, пайда таппақ болған.
Айгүл Ерәділова, ПД Есірткі қылмысымен күрес басқармасының жедел уәкілі:
ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні күдікті тұлға қамауға алынды. 7 күн ішінде полиция қызметкерлерімен есірткіге қатысты қылмыс және құқық бұзушылықтың 14 фактісі анықталды.
Қарағандыда екі жұмысшы цехтың шатырында қарасора сірген. Жедел-іздестіру шарасы барысында сол кәсіпорында жұмыс істейтін 36 және 41 жастағы екі ер адамды ұстады. Олардан 147 түп қарасора тәркіленді. Ұсталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дәуренбек Әбдібек