Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді

10.06.2021

Бүгін Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді. Оған Дүние жүзілік банкі, Азия даму банкі және Лукойл, ERG, General Electric секілді алпауыт корпорациялардың басшылары қатысты. Жалпы биылғы жиын шикізаттық емес тауыр экспортын арттыруға бағытталып отыр. Елімізде баламалы энергетиканы дамытуға, медицина туризмін жандандыруға қатысты және өзге ұсыныстар көп. 

Ел бюджетінің басым бөлігі мұнай, газ секілді шикізат сатудан толып отыр. Бірақ қаншама кен орындары ашылып жатқанымн, шикізаттың сарқылар кезі болады. Сондықтан экономиканы шикізаттық емес тауар экспортымен арттыру маңызды. Шетел инвесторларымен өткен жиынның тақырыбы да осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен ұзаққа созылған шикізаттық суперцикл аяқталып келе жатқанын талай рет айттым. Мұнайға сұраныс пен бағаның құбылуына қарағанда, ағымдағы конъюнктура тек ахуалдық, нарықтық себептермен ғана анықталып отырған жоқ, оған терең технологиялық өзгеріс түрткі болып отыр. Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестиция, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана арқа сүйей алмайды.

Сондықтан сырттан инвестиция тартып, Қазақстанды өндірушіден өңдеуші елге айналдыру қажет. Әлем экономикасына ықпалын тигізіп отырған халықаралық алпауыт корпарациялар да елімізге қаржы құйып, мол табыс табуға құлшынып отыр. Тіпті Қазақстанды сән индустриясының орталығына айналдыру ұсынылды. Ол үшін батыстың танымал брендтік киімдерін шығаратын фабрикаларды елімізде салу қажет.

Констанц Ульмер-Айлфорт, «Baker mckenzie» корпорациясы төрағасының орынбасары:
Біз Қазақстанда сән және тоқыма индустриясын дамытуға айтарлықтай мүмкіндіктер бар деп санаймыз. Бұл киім-кешек пен тоқыманы елдің жетекші шикізаттық емес экпорттық позицияларының біріне айналдырады. Қазақстан өз өнімін, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тұратын 166 миллион адамға кедендік бажсыз экспорттай алады.

Ал General Electric Қазақстанда медицина туризмін дамытуға болады дейді. Ол үшін еліміздің әлеуеті зор. Тіпті осы салада аймақта көш бастап, қызмет көрсету экспорты артпақ. Әрі еліміз баламалы энергетиканы дамытуға бағыт алғаны белгілі. Жақында президент күн, жел мен судан өндірілетін қуат көлемі 2030 жылға қарай 15 пайызға жеткізуді тапсырған. Бұған инвесторлар да қол ұшын созуға дайын.

Александр Машкевич, «ERG» директорлар кеңесінің төрағасы:
Біз қуаты 1,5 гВт болатын стансалар салуға әзірміз. Бірақ ол үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Бұл инвесторларға күн, жел стансаларына қолайлы жерді өздері таңдауына мүмкіндік береді. Қазақстанда жел де, күн де бар. Болашақта жаңартылатын қуат көздерінен алынған энергияны экспорттауға да болады.

Жалпы шетелдік инвесторлар тарапынан шикізаттық эемес экпортты арттыруға бағытталған ұсыныс көп. Азия даму банкі, Дүние жүзілік, Еуразиялық даму банкі және Лукойл секілді корпорациялар мұнай-газ, логистика, ауыл шаруашылығы салалары мен электронды сауданы, цифрлық технологияларды дамытуға мүдделі. Президент бұл ұсыныстар жан-жақты қаралатынын жеткізді. Өйткені еліміз инвестиция тарту бойынша аймақтағы көшбасшылықты сақтап қалуы тиіс. Оның үстіне шикізаттық емес экспортта Қазақстанның мүмкіндігі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің экономикалық модель ішкі тұтыну инвестициясынан бөлек экспортты дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Біз өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуетін 10 млрд долларға, қызмет көрсету саласының экспорттық әлеуетін тағы 10 млрд долларға бағалаймыз. Орта мерзімді мақсат 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін, оның ішінде қызметтерді қоса отырып, 41 млрд долларға дейін ұлғайту болып табылады.

Елімізге дағдарыс жылдары 18 млрд доллар инвестиция тартылған. Былтыр шетелдік компаниялардың қатысы бар 41 жоба іске асты. 7 мың жұмыс орыны ашылды. Ел экономикасын арттыру үшін қосымша қаржы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Былтыр елдің сыртқы тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 13%-ке төмендеп, 85 миллиард долларды құрады. Әлемдік экономиканың қалпына келуіне қарай Қазақстан да экономикалық өсім қарқынын үдетіп жатыр. Біздің үкіметтің болжамы бойынша бұл көрсеткіш кемінде 3,5% және одан көп болуы мүмкін.

Президент отандық QazVac вакцина өндірісін ұлғайтуға және шетелге экспортқа шығаруға дайын екенімізді де атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартып, салық жүйесін реформалауды тыңғылықты атқаруды тапсырды. Әрі инвесторлардың ұсынысын қолдап, жасыл инвестициялар нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу