Жамбылда Кенесары ханның ескерткіші қайта орнатылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда Кенесары ханның ескерткіші қайта орнатылмақ

11.06.2021

Жамбылда қазақтың соңғы ханына қойылған ескерткіш төңірегінде дау толастар емес. Жергілікті жұрт Меркідегі монумент Кене ханды мадақтау емес, мазақ ету деп санайды. Қазір, дау тудырған тастұғырға қатысты Мәдениет және спорт министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Өңірдегі тілішіміз Сәбит Әлдебай толықтырады.

Хан Кененің құрметіне қойылған Жамбылдағы жалғыз ескерткіштің түр-тұрпаты осы. Тұғыры 5 метр болса, тұлғасы 2 метрдей. Алайда, қазақтың айбыны болған ханның бейнесі лайықты сомдалмады деген көпшілік шалағай шыққан сапасыз монументті орнынан алуды талап етті.

 Жомарт Есақара,  Жамбыл облысының тұрғыны: 
Кенесары бабамыз, қазақтың соңғы ханы, оның мұндай деңгейде ескертіш қою, үш жылдан аса уақыт тұру деген ұят деп ойлаймын.
Жалғас Орынбасар,   Жамбыл облысының тұрғыны: 
Енді Кенесарының қазасы осы қырғыз жерінде болғандықтан сол ескерткіш сырттан келетін туристерге де, қырғыз ағайыннан келетін адамдарға мазақ ретінде болған секілді.

Тас тұғырды тұрғызуға бастамашыл болғандар ханның Жамбылдағы жетінші ұрпақтары. Жеке кәсіпкер 90 гектар алқабынан 10 соттық жерін бөлген. 8 млн теңге жұмсалған. Бірақ, еңселі ескерткіш болады деген тасмүсін көзге қораш көрініп, көптің сынына ұшырағаннан кейін орнына жаңасы салынбақ.

Мұрат Арықбаев,   кәсіпкер: 
Конкурсқа қатыстық, ескерткіштің басқа нұсқасына, пандемия болды, былтыр бастайық дегенбіз, бастай алмадық, сомен көктемнен бастап міне қолға алып жатырмыз.

Ескерткішке қатысты дау құзырлы министрлікке де жетті. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан арнайы комисия құрылды.

Берік Бегалиев,   Меркі ауданы әкімінің орынбасары:
 Бюджеттен ақша бөлінбейді бірден айтайын. Республикалық ономостикалық комиссияның қаруына ұсынылады, оң қортындысы шыққан жағдайда ол ескерткіштің ары қарай бой көтеру жұмыстары жүргізіледі.

 Жаңа ескерткішті Темірхан Құжігіт есімді мүсінші салмақ. Ол бұған дейін Жамбыл мен Төле бидің бейнесін өз деңгейінде сомдап шыққан шебер. Сондықтан , Кенесары ханның жаңа ескетркіші айбынды ханның атына лайық дүние болады деп сендірді жергілікті билік өкілдері.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу