Алматыда самокаттан құлап, жарақат алғандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда самокаттан құлап, жарақат алғандар көбейді

11.06.2021

Алматыда самокаттан құлап, жарақат алғандардың саны артуда. Мәселен, мамыр айында 50 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсіп, екі науқас қайтыс болды. Бұл бір ғанаемдеу орнынан түскендердің саны. Мамандар электросамокат жүргізушілеріне бақылауды күшейтпесе, әлі талай адам зардап шегеді деп отыр.

Самокатқа жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынса да, ережені елемейтіндер көп. Мәселен, өткен айда ғана электросамокат жүргізушісі төрт жасар баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері кінәлі азаматты келесі күні ұстады. Оған әкімшілік хаттама толтырылып, 30 мың теңге айыппұл салынды. Қала тұрғындары соңғы кезде мұндай оқиғалардың жиілеп кеткенін айтады.

Қалалық №7 ауруханаға бір жылда самокат қағып кеткен немесе самокаттан құлаған 21 науқас түскен. Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ильдар Құрмаев бұл көрсеткіш жыл сайын артып келе жатқанын айтады.

Ильдар Құрмаев, қалалық №7 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
Биыл мамыр айының өзінде біздің ауруханамызға электросамокаттан зардап шеккен 48 адам түсті. 10 науқасты емделуге жатқыздық. Өкінішке орай, екі жігіт алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды.

Қала әкімдігінің өкілі соңғы бір жылда самокаттарды жалға беру қызметіне сұраныс артқанын айтады. Мәселен, былтырмен салыстырғанда алты есеге өскен.

Абылай Омархан, қалалық мобильділік басқармасының баламалы көліктерді дамыту бөлімінің басшысы:
Ең алғашында 300 самокатпен басталған. Бүгінгі күні, яғни 2021 жылға қарасақ Алматы қаласында жалға берудің үш операторы бар. 1900 самокат іске қосылған. 

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков мәселені шешудің тиімді жолы – самокат жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемін арттыру керек деген пікірде. 

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
Электросамокаттардың қала ішінде жүру жылдамдығын сағатына 15 шақырымға дейін азайту керек. Сонымен қатар GPS трэкингтің көмегімен жаяу жүргіншілер жолағына шықпайтындай етіп жасауға мүмкіндік бар. Халық көп жиналатын демалыс орындарынына мүлдем кіргізуге болмайды. Осындай тосқауылдар қойылғанда ғана мәселе шешілер деп үміттенемін.

Мегаполисте электросамокаттарды қолданушылар күннен-күнге көбейіп келеді. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері ереже бұзған екі жарым мың адамға айыппұл салған. Мұның өзі тәртіпке бағынбайтындарға тосқауыл болмай тұр. Десе де, сарапшылар самокат айдаушылардың жол қауіпсіздігін қатаң сақтап, жауапкершілікті сезінгенде ғана мәселе шешіледі деген үмітте.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу