Түркістан тауларында жоғалған тағы бір туристің денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан тауларында жоғалған тағы бір туристің денесі табылды

14.06.2021

Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем шатқалында табылған туристің денесі - жоғалған жеті жігіттің ішіндегі ең кішісі, биыл ғана мектеп бітірген жасөспірімдікі екені анықталды. Мәйітін оның әкесі қарап, таныған. Бұған дейін оның Назарбаев Университетінде оқитын ағасының денесі табылған еді. Республикалық құтқару жасағы жеткіншектің денесін Өгем өзені көпірінің сол жағындағы Мақпалсай шатқалынан тапты. Аталған шатқал теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте орналасқан.

Қазір мұнда жетінші туристі іздеу жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, бұған дейін жоғалған жеті туристің үшеуі аман - есен табылып, құтқарылған болатын. Тағы екеуінің мәйіті өзен жағасынан табылған еді. 

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Екі туристің бірінің өлі денесі Өгем өзенінің ортасында жатқан тастың астына кептеліп қалғандығы анықталды. Құтқарушылар екі шатқалдың ортасына арқан тартып, өлі денені бірінші жағаға шығарды. Тікұшақ отыз метр биіктікте қалқып тұрып, лебедка арнайы құрылғысы арқылы құтқарушыларды түсіріп, сол жерден көтеріп алып, өлі денесі ары қарай полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 8 жасар қыздың денесі Есіл өзенінен табылды. Жеткіншек Пакровка ауылы маңында 8-ші маусым күні із-түзсіз жоғалған еді.

Айнұр Ақбаева

Сайрам-Өгем Түркістан тауларында жоғалған туристер

Хабарламаларға жазылу