Ақтөбеде біреудің көлігін ұрлаған жасөспірімдер жазым бола жаздады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде біреудің көлігін ұрлаған жасөспірімдер жазым бола жаздады

14.06.2021

Маңғыстауда жүріп келе жатқан жүк көлігінің газ баллоны атылып, қатты жарылыс болды. Абырой болғанда жүргізіші көліктен шығып үлгерген. Өңірде мұндай оқиғалар жиілеп кеткен. Жыл басынан бері 38 көлік жанып кетті. Ал, Ақтөбеде жасөспірімдер біреудің көлігін ұрлап кетіп, жазым бола жаздады.

Оқыс оқиға Ақтау-Таушық тас жолында болды. Жүріп келе жатқан жүк көлігінің қозғалтқышында тоқ сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, газ баллоны жарылған. Көлікте тек жүргізуші болған. Ол құжаттарын алып, сыртқа шығып үлгерген. Газель көлігі өрт сөндірушілер келгенше жанып кеткен.

Ал Ақтөбеде бірнеше жасөспірім жеңіл көлікті ұрлап айдап кетті.

Оның бірі жүріп келе жатқан машинаның капотының үстінен құлап, жарақат алды. Саяжай аумағында тұрған «ВАЗ» маркалы көлік олардың бірінің жездесіне тиесілі екені белгілі болды. Жасөспірімдер онымен өзенге бармақ болған. Көліктің капотына отырып алған екі баланың бірі ойлы-қырлы жерге келгенде құлап кеткен. Қазір бұл іске қатысты сот алды тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті балаларға скутер мен мотоциклді де бермеуге кеңес беріп отыр.

Бурабайдың кіреберісіндегі Welcome to Burabai жазуын жеңіл көлік соғып кетті. Оқиға кеше болған. Шкода маркалы көліктің дөңгелегі жарылып, жүргізуші машинаны басқара алмай қалған. Курортты аймақтың кіреберісінде мен мұндалап тұрған жазудың күл-талқаны шықты. Зардап шеккендер жоқ. 35 жасар жүргізушіге хаттама толтырылды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу