Алакөлде демалушылардан ПТР тест талап етілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлде демалушылардан ПТР тест талап етілмейді

14.06.2021

Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауында демалушыларға ПТР тест талап етілмейді. Ал демалыс орындарына «Ашық» жобасымен жұмыс істеу ұсынылып отыр. Қазір Ақши және Көктұма ауылының кәсіпкерлері шомылу маусымына қызу дайындалып жатыр. Биыл көл жағасына 1 млн-нан астам демалушы келеді, деп болжануда.

Жас кәсіпкер Сабина Әмірханова демалыс орнын қонақ күтуге дайындап жатыр. Былтыр пандемияға қарамастан шипалы көлге адам көп келгенін айтады. Екі ай жұмыс істегенде жағажайда бірде-бір коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелмеген. Биылғы шомылу маусымы да ойдағыдай өтеді, деп сенеді.

Сабина Әмірханова, кәсіпкер: 
Соңғы талап бойынша  «Ашық» қосымшасымен жұмыс істеуге дайынбыз. Өйткені өзім ойлаймын қонақтарымызға да, өзімізге де өте ыңғайлы. Алакөл көліміз өте шипалы. Денсаулық нығайтуға өте пайдалы. Биыл адам көп келеді деп үміттенем.

Соңғы талап бойынша демалыс орындарына 80 пайызға дейін адам қабылдауға рұқсат. Сондай-ақ барлық санитарлық талаптарды сақтау міндетті. Әзірге Алакөл ауданында «Ашық» жобасын 11 нысан орнатқан. Басқа да кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жанна Нүсіпова, Алакөл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы: 
 «Ашық»  жобасы Covid-19 базасымен интеграцияланған ғой. Сол себепті науқас болса, немесе қарым-қатынастағы адам болса сол жерден міндетті түрде көрсетіледі де, демалыс орнына кіргізілмейді.

Көл жағасындағы Ақши және Көктұма ауылдарында турист қабылдайтын 300-ге жуық нысан бар. Тынығушылардың дені маусымның екінші жартысында келе бастайды, деп күтілуде.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу