Түркістан облысы 200-ден астам отбасы баспанасына құжат рәсімдей алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы 200-ден астам отбасы баспанасына құжат рәсімдей алмай жүр

14.06.2021

Түркістан облысы 1 мамыр елді мекеніндегі 200-ден астам отбасы 10 жыл бұрын алған жер телімдері мен үйлеріне құжат рәсімдей алмай сандалып жүр. Тұрғындар басыбайлы баспанасы бола тұра әлі күнге тіркеуге тұра алмайды. Салдарынан көпбалалы отбасылар үкіметтің жәрдемақысын да ала алмай отыр.

Енші алып шыққан бұл отбасы салған үйіне өздері иелік ете алмай келеді. Он жыл бұрын әкімдік жер телімін бөліп бергенімен, шешім шығармаған, деректер базаға енбеген. Амалсыз ерлі зайыптылар өзге жерде, балалары ата-әжесінің үйінде тіркеуде тұр. Өздері жұмыссыз, алты баласы баласы бола тұра онысын растап үкіметтен жәрдемақы да ала алмай келеді.

Зульфия Әленова, ауыл тұрғыны:
Үкіметтен көмек алаййық десек бізге шықпайды. Себебі прописка әр жерде. Тұрғылықты жерден документ болмаған соң ешқандай әлеуметтік көмек ала алмай жатырмыз.

Ауылдағы 246 отбасы қазір тап осындай күй кешіп жүр. Олардың үйлерінің орны картада бос жер деп көрсетілген. Бас жоспарға енбегендіктен жарық тартылмаған. Жол салынбаған. Су жеткізілмеген.

Кезінде әкімдік мұндағы жұртқа құжат орнына жерге орналастыру жобасы дейтін бір парақ қағаз ғана берген. Бірақ оның ешқандай заңды күші жоқ болып шықты. Енді билік жаңа қонысқа рұқсатсыз құрылыс жүргіздіңдер деп тұрғындардың өздерін кінәлі етіп келеді.

Ауыл шетінен жер телімі берілгелі 2-3 әкім ауысты. Жер маманы заңсыз тірлігі үшін істі болды. Енді тұрғындар тек сот арқылы өздерінің осындағы үйлердің меншік иесі екенін дәлелдеуі қажет. Тағы бір жолы –арнайы құрылған комиссияның шешімін күту.

Қанай Әшірбеков, 1 мамыр ауыл округінің әкімі:
Қазір бұл азаматтарға хабарлама беріп, түсініктеме алып құзырлы орындар мен жер комиссиясына қалыптасқан жағдайға байланысты ұсыныстар береміз. Әлеуметтік мәселенің шиеленісуіне байланысты оң шешім қабылдаса жерлерін заңдастырып беруді қарастырамыз.

 Ауыл әкімі биыл осы 41 гектар жерді кезекте тұрған 250 адамға бөліп беру туралы шешім шығарды. Бірақ ол осыдан 10 жыл бұрын әкімдікке сеніп үй салып алғандарға бұйыра ма, әлде кезегін күткен өзгелерге ме? Ол жағы әзірге белгісіз.

 Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу